
фото ТОӘБҚ
Түркістан облысында отбасында зәбір көрген азаматтарға жан-жақты көмек көрсету бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыстағы тұрмыстық зорлыққа қарсы атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берілді. Демографиялық өсім жағынан озық тұрған Түркістан облысында отбасылық зорлыққа қатысты құқық бұзушылық фактілері биыл айтарлықтай төмендеген. Атап айтқанда, былтыр 1 мыңнан асса, биыл бұл көрсеткіш 56,3%-ға азайған.
Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің қатысуымен өткен мемлекеттік отбасылық саясатын жүйелі жүргізуге бағытталған шараларды жүзеге асыру барысы мен отбасылық-тұрмыстық зорлық зомбылықтың алдын-алу шаралары бойынша өткізген мәжілісте айтылды.
2017 жылы құрылған Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметтері осы уақыт ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарымен, олардың отбасыларымен жұмыс істеп, елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Бұл қызметке деген сенім арттырылып зорлық-зомбылықтың анықталуы көрсеткіші жоғарылаған. Былтыр 2,5 мыңнан астам әйелге кешенді психологиялық сүйемелдеу көрсетіліп, 400-ден астам отбасы тиранымен түзету жұмыстары жүргізілген.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында отбасын қолдау орталықтары ашылып, жұмыс істеуде. Жыл басынан бері орталықтардың көмегіне облыс бойынша 700-ден астам адам жүгінген. Оларға психологиялық, құқықтық, заңгерлік кеңестер беріліп, жұмысқа орналасуға және біліктілігін арттыруға жәрдем көрсетіледі. Тұрмыс тауқыметіне тап болған аналардың қиын жағдайларын еңсеруде, бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетуде мұндай орталықтардың маңыздылығы зор. Орталыққа жүгінген тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері болған азаматтарға уақытша баспана да беріледі.
– Мемлекет Басшысы Ұлттық құрылтайдың отырысында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуды басты назарда ұстауды тапсырды. Аталған тапсырманы жүзеге асыру үшін өңірімізде нақты жұмыстар атқарылуда. Облыс аумағындағы аудан, қалаларда құрылған «Отбасын қолдау орталықтарының» жұмысын одан ары қарай жетілдіру керек. Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу қажет. Бүгінгі жиында маңызды мәселелер талқыланды. Көтерілген мәселелер мен ұсыныс-пікірлер зерделеніп, олардың іске асырылуы бақылауға алынады. Өңірде отбасылық зорлық-зомбылық мәселесіне стратегиялық тұрғыдан қарап, яғни проблеманың түп-тамырын жоюға күш салуымыз қажет. Мемлекет басшысының тапсырмаларын мерзімінде және сапалы орындалуын қамтамасыз ету – уақыт талабы, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыстағы тұрмыстық зорлыққа қарсы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берген БҰҰ-ның «Халық қоныстау қорының» сарапшысы Сағадат Сабитова Түркістан тәжірибесінің көрші Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан елдеріне үлгі болғанын айтты. Арнайы мониторинг нәтижелерімен бөлісіп, жұмыстарды күшейту арқылы тұрмыстық және гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы ведомствоаралық жүйенің тиімділігі артып, Түркістан облысында қорғау тетіктері күшейтілетінін алға тартты.
Жиынды Мәлік Нұржанұлы қорытындылап, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Ұлттық құрылтайда айтқан идеялары мен бастамаларына кеңінен тоқталып, алға қойған міндеттерін жүзеге асыру жайын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев наурыз айында өткен Ұлттық Құрылтайдың IV отырысында елімізде халықтың сұранысы мен заман талабына сай ауқымды реформалар жүзеге асып жатқанын ерекше атап өтті. Маңызды бастамалар көтеріп, Үндеу жасады. Отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес мәселесі де ең алғаш Құрылтайда көтерілген болатын. Осы мәселе бойынша Президент арнайы заң қабылдауды тапсырып, ол тапсырма орындалды. Біз отбасылық зорлық-зомбылыққа ешқандай мүмкіндік бермеуіміз керек. Бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселені түбегейлі шешу үшін кешенді шара қабылдау маңызды. Ол үшін сапалы ғылыми зерттеу қажет. Тәуелсіз ұйымдармен бірлескен жұмысты күшейткен абзал. Мәдениет төмендеген сайын заң көбейе береді. Сондықтан идеологиялық жұмыстарды күшейтіп, отбасылық құндылықтарды дәріптеу керек. Мәдениет, руханият, әдебиет, діннің отбасыны сақтаудағы рөлі жоғары. Отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алуда тек заң емес, қоғаммен, әрбір азаматпен бірігіп жұмыс істегенде ғана оң нәтижеге қол жеткізе аламыз, – деді Мәлік Отарбаев.