Түркістан облысындағы Сайрам ауданы кәсіпкерлері ең көп аудан болып саналады. Өйткені аудан тұрғындары еңбекқор, істің көзін таба білетін кәсіпшіліктері тағы бар. Бүгінде Сайрам ауданы халқының 12,5 пайызы шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылған. Аудан бойынша белсенді кәсіпкерлік субъектілердің саны 13703 бірлікке жетіп, 5,7 пайызға өскен. Мәселен, былтырғы жылы аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік нысандары 84, 2 млрд. теңгенің өнімін өндірген. Биылғы жыл қорытындысы бойынша былтырғы межеден асып түседі деген сенім басым. Сайрам ауданында 58,9 млрд.теңгенің ауыл шаруашылық өнімі өндірілген. Сондай-ақ, 8,1 гектар жерге жылыжай салынып, тамшылатып суғару әдісі 111 гектар жерге ендірілді. Нәтижесінде өсімдік шаруашылығындағы өнім көлемі 26,4 млрд. теңгені құраған. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 280 бас ірі қара мал, «Алтын асық» бағдарламасымен 200 бас уақ аналық мал және 7 бас асыл тұқымды қошқар сатып алынса, «Құлан» бағдарламасы арқылы 32 бас жылқы алынып, аудандық көрсеткіштер жоспары толық орындалған. Ауданда 34 кооператив құрылып, кооперативтердің жалпы саны 45-ке жетті. Жалпы ауданда 103 бірлік 10-15 бастық шағын мал бордақылау алаңдары мен 41 жанұялық сүт аулалары ашылды. Өңірдегі 887 мал бордақылау алаңдарында бір мезетте 31 мың бас мал бордақылануда. Нәтижесінде мал шаруашылығында 32,5 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, 2016 жылмен салыстырғанда 9,7 пайызға артып отыр. Өңірдің «Даму» бағдарламасына сәйкес 2020 жылға дейін ауылшаруашылығы өнімінің көлемін 58,8 млрд.теңгеден 64,0 млрд.теңгеге, тамшылатып суғару әдісін 513 гектардан 913 гектарға, жылыжай көлемін 19,5 гектардан 60 гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде 2018 жылға ауыл шаруашылық өнімінің көлемін 59,5 млрд.теңгеге жеткізу көзделген. Алға қойған жоспар міндеттердің барлығы да уақытында орындалуда. Онда еңбексүйгіш аудан кәсіпкерлерінің де, дихандарының да мол үлесі бар.
Жарияланды: 15.07.2018