Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты Шымкент қаласындағы барлық білім мекемелері толықтай қашықтан оқу форматында І-тоқсанды аяқтады. Қазір қаладағы барлық мектеп оқушылары үй жағдайында интернетпен қамтылған. Бүгінде білім басқармасы тарапынан 17 701 отбасыға «Bilim al» интернет тарифіне қосылған sim-карталар үлестіріліп, 760 отбасындағы балалар оптикалық байланыс арнасымен қамтамасыз етілді.
Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева баспасөз брифингте мәлімдеді.
–Шалғай елдімекендерде интернетке мұқтаж 18 461 отбасында 31 798 бала бар. Оларға «Bilim Iand — Onlinemektep.org» платформасы енгізілген 5000 ноутбук уақытша пайдалануға берілді. Сонымен қатар, қала әкімдігі тарапынан интернет жылдамдығы төмен елдімекендерге 7 мобильді оператордың станциясы орнатылып отыр, — деді басқарма басшысы.
Жанат Арысбекқызы шаһардағы білім мекемелерін толығымен санитарлық қажеттіліктермен қамтылғаны жөнінде де айтып өтті. Мектептер мен балабақшаларды санитарлық заттар үшін бюджеттен 66 млн 842 мың теңге қаржы қаралған.
Айта кетейік, қазір қаладғы білім мекемелері толығымен интернет желісіне қосылған. Жылдамдығын 8 Мб/с — 12 Мб/с-қа дейін ұлғайту мақсатында «Қазақтелеком» АҚ арқылы қосымша келісімшарттар түзілген.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі