Жарияланды: 23.12.2020

ТҮРКІСТАНДА HAMPTON BY HILTON TURKISTAN ҚОНАҚҮЙІ АШЫЛДЫ

 

Түркістан қаласында Hilton қонақүйінің алғашқы желісі Hampton by Hilton Turkistan қонақүйінің ресми ашылуы өтті. Халықаралық қонақүйдің ашылуына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай, Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов пен BI Group Директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев қатысты.

 
«Бұл ең алдымен стратегиялық маңызды салаға үлкен үлес. Туризмді дамыта отырып, Түркістанға келген қонақтар халықаралық деңгейдегі қызметті қолжетімді бағамен пайдалана алады. Сонымен қатар, қонақүй Түркістанның мәдени-рухани орталығына үйлесімді стильде салынған», — деді құттықтау сөзінде Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай.
Қонақүй Түркістанның мәдени-рухани орталығында орналасқан. Ясауи кесенесі жақын, Ұлы Дала орталығы мен Visit Centre Turkistan маңайында орналасқан. Сыртқы беті көне ғасырдың ғимараттарын еске түсіретін Марокко стиліндегі ескі қам кірпіштен соғылған. Орта ғасыр мен қазіргі дәстүрлерді сәтті үйлестіре отырып, қаланың стилін толықтыра түскен. Бір жылдың ішінде бой көтерген қонақүйдің жалпы алаңы Top Tobe жеке банкет кешенін қосқанда 9000 шаршы метрді құрайды. Стандартты санаттағы 120 нөмір бар. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арнайы жасақталған бөлмелер қарастырылған.
Hilton – құрамына әртүрлі санаттағы 17 қонақүй бренді кіретін дүние жүзіне әйгілі қонақүйлер желісі. Әлем бойынша бұл желіге 6000-ға жуық қонақүй кіреді. Hampton by Hilton Turkistan – BI Group пен Hilton Worldwide арасындағы екінші бірлескен жоба. Холдинг Нұр-Сұлтан қаласында 2017 жылы Hilton Astana қонақүйін салды.
 
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
3 070 қаралым