Жарияланды: 23.12.2020

Атажұрттан Анадолыға

Қыстың көзі қырауда Түркияда тоғыз күн сапарлап жүрем-ау деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Түркітілдес журналистер қорының президенті Назия Жоямергенқызының осы елге сапарға шығу туралы тосынсый-ұсынысы абдыратып тастады. Мұндайда ойланудың өзі күнә сияқты. Құжатымызды реттеп, затымызды буып-түйдік те, Алматыға аттандық. Бірнеше сағаттан кейін қайтадан ұшақ ауыстырып, Мейіржан Әуелханұлы бауырымызбен Түркияға ұштық. Бұл — Мейіржанның түрік еліне екінші сапары. Осыған дейін де Түркітілдес журналистер қорының ұйымдастыруымен іссапарда болған екен. Бес жұлдызды қонақүйге орналасқан соң, қалай тыныш жатасың, бірден қаланы аралауға шықтық. Мейманхананың 17-ші қабатынан қарағанда алыстан жылтырап теңіз көрінген. Сол тұсты шамалап, төменге құлдиладық. Таспен өрілген ойлы-қырлы көп көшеден кейін жағалауға да келіп жеттік. Ойнақы толқын түртпектеген кемелерді камераның нысанасына алдық. Айтпақшы, бұл елде сенбі-жексенбіде карантин күшейеді екен. Тұрғындардың бейсауат жүруіне болмайды. Қариялардың сыртқа шығуына тыйым салынған. Ал туристерге жол ашық…

Пандемияның «хайыры»
Кезінде әулие Руми былай деген екен:
… Айнада, өзiмiз бiлетiндей, бәрi керiсiнше. Бiрақ онсыз бiз ешқашан өзiмiздi көрмес едiк…
Ғұламаның цитатасы осымен тәмам. Яғни, әр нәрсенің бір хайыры бар деп өз жанымнан қосып қояйыншы. Тарқатып айтсақ, Түркияға сапарымызға пандемияның да ықпалы тигендей. Өйткені бұл ел қазір індет күшейсе де, барлық сақтық шарасы ескерілген туризмнің қауіпсіз екендігін насихаттауды күшейтті. Әр нәрсенің бір хайыры бар дегенім сол еді. Айтпақшы, Түркиядағы сапар Тәуелсіздік мерекесімен тұспа-тұс келді. Автобуста бәрімізді түгендеп, көңілін демдеген жолбасшымыз сөзін осы мейраммен құттықтаудан бастады. Басқа елден келген әріптестер де қол соғып, құттықтап жатыр. Еліміз егемендік алған күнді олар жатқа біледі екен. Қазақстанда жүргенде бір-бірімізді құттықтаған бір бөлек те, шетелдіктердің саған тұтас бір мемлекеттің өкілі ретінде қарағандағы әсері мен салмағы мүлдем басқаша екен. Тәуелсіздігіміз тұғырынан түспесін деп тіледік!

Кез дүниені, көр Конияны…
Ертесіне көне қала Конияға ұштық. Селжұқ мемлекетінің астанасы болған шаһардағы өмір тірлігі қарбалас Ыстанбұлдан бөлек екен. Дәруіштер мен әулиелердің мекені. Есте жоқ ескі заманнан бері сақталып қалған көне ғимараттар өте көп. Аяқ басқан сайын кесене, тарихы бай мешіт-медреселер. Мемлекеттің өз тарихына үлкен құрметпен қарайтыны байқалады.
… Кониядағы музей-панораманы аралап шығуға бір күн де аздық етеді екен. Мұндағы стендтер сол кездегі өмірді көз алдыңа әкеледі. Дәруіштердің өмірі, төзім-тәрбие мектебі туралы біраз мәлімет алдық. Мәулана жерленген мекенде болдық. Мәрмәр тастан әулиенің өзі қашап шыққан шынжырды көзбен көрдік. Қазіргідей жетілдірілген техника жоқ. Балға мен қашау секілді қарабайыр құралдармен бір құлаштай шынжырды еш жерінен жалғамай, бүтіндей қашап шығу үшін қанша төзім керек? Бұл шынжыр «сабыр тасы» деп аталады. Арада сан ғасыр өтсе де, әулиенің киімі, ұстаған бұйымдар, көне Құран кітаптары да сақталған екен. Киіз басу мен қыш құмыраны жасау қиын емес десеңіз, кәдімгі суға сурет салатын, тіпті сиырдың сүтінен тәпсі жасайтын шеберлердің еңбегін суреттен көруіңізге болады.
​Ертесіне Шаталүйік мекеніне бардық. Қола дәуіріне дейінгі тірлігі қыз-қыз қайнаған ежелгі қалалардың бірегейі. Арғы аталарымыздың баспанасы төбесі балшықпен сыланған жер үйге ұқсайды. Сол кездегі жыртқыш аңдардан қорғану үшін баспалдақ орнатып, үйге төбесінен кіріп-шығады екен. Жер астынан табылған көне мекенді сақтау үшін төбесі шатырмен жабылыпты. Қазылған жерге енді жаңбыр суы өтпейді. Жолбасшысымыз Шефат бейдің айтуынша, дәл осындай тағы бірнеше ежелгі қонысты зерттеу жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр екен.
​Бұдан кейін Қасиетті Мәулананы еске алу бағдарламасына қатысып, дәруіштердің шыр-көбелек айналатын биін тамашаладық. Көбелек демекші, мұнда кәдімгі көбелектердің бағы бар екен. Жер шарының түкпір-түкпірінен үш мыңдай көбелек жеткізілген. Алып шынының іші ит тұмсығы батпайтын ну орман секілді. Ылғалы мол, ұдайы +30 градустық температураны сақтап тұратын ерекше экожүйе жасалған. Сылдырап аққан бұлағы, жайқалған жасыл желегін көргенде Елордадағы «Экспоның» алып шынысы еске түсіп бір күрсіндік.

Тасқа басылған тарих
Тарихын тасқа таңбалап, қарпіне дейін қашап жазған қандай керемет! Ауыздан ауызға тараған аңыз әңгіме сияқты емес, көзбен көресің, қолмен ұстап, тәу етесің. Сан ғасыр өтсе де, мызғымаған көне ғимараттар күйдірілген кірпіштен қаланған екен. Көлемі түрлі пішіндегі тасты теп-тегіс қалау үшін езілген әктас пен қыш сынығын молынан пайдаланыпты. Жат жерде жүріп, өз еліңді жамандағың келмейді-ақ, бірақ кеше пайдалануға берілсе де, бүгін құбыры жарылып жататын жаңа үйлер, жамауы бітпейтін жаңа ғимараттармен салыстырғанда, мұндағы ескерткішке айналған көне қорғандар бірнеше мың жыл өтсе де, әлі мығым. Әлі бірнеше ғасыр мыңқ етпесі анық. Түркияның тамғалы тарихын жолбасшы гидтер де аңыз секілді әсерлі етіп, әдемі әңгімелейді. Егер былтырдың өзінде 50 миллион туристі қабылдағанын ескерсек, алдағы уақытта олардың қатары көбейері анық.
Ыстанбұлда таспен ғана емес, тарихпен өрілген Ыстықлал көшесі бар. Бірнеше шақырымға созылған жаяулар көшесінде етік тазалаушыдан бастап, небір кәдесыйларды табуға болады. Арғы ғасырлардың бірінде сол көшенің бойынан елшілік ашқан Екатерина ІІ патшайым «орыс елшілігі орыс жерінде тұруы керек!»,-деп бұйырыпты. Патша айтты, бітті. Құрылысшылар Ресейден арбалап топырақ тасиды. Қанша арба құм тасығанын қайдам, ақыры елшіліктің сәулетті ғимараты орыс топырағы төселген аумақтан бой көтеріпті. Ал өнертапқыш инженер Хезарфеннің қолтығына қанат байлап, биіктігі 61 метрлік Галата мұнарасынан Босфор бұғазына дейін қалықтап ұшқанын мұндағылар аңыз қылып айтады. Жолжазбаны түрікше «Зеңбіректі қақпа» дегенді білдіретін Топқапы, Қыз мұнарасы деп жалғай беруге болар. Бірақ қазақ тарихына қатысы бар, қазір «өзбек тақиясы» деп аталатын мекеннен асып кете алмадық. Тақия — қазіргі ұғымға бейімдесек, жолаушылар аялдап, ат шалдыратын жер. Енді осы ғимараттың тарихына тоқталсақ: осы аумақта аң аулап жүрген Махмұт сұлтан түрлі түсті шатырларды байқайды. Жөн сұраса келе, шатырдағы жамағаттың қажылыққа аттанған жолаушылар екенін біледі. Содан сапар шеккендер паналайтын қоныс тұрғызуды бұйырады. Сол 1752-жылдан бері бұл жер ұлғайып, қосалқы ғимараттар салынған. Негізі бұл мекенді қазақтар тұрғызыпты. Алағай да, бұлағай заманның әсерімен қазір «өзбек тақиясы» деп аталады. 1924 жылдары басқа тақиялар жаппай жабылып жатқанда, мына жер Ататүріктің кәріне ілінбей аман қалыпты. Бір аптадан бері бірге жүрген өз-ағаңдардың сол кездегі қоқырайғанын көрсеңіз. Танау делдиді, тақия да шекеге ойысты, одырайған одағай дыбыстар шықты, әйтеуір. Қайтейік, Еділді ноғайларға қимай қалдырса да, ендігі жерде сіздерге де қайырлы қоныс болсын деген бабамыздың күйін кештік…
Қайырлы болсын сіздерге,
Бізден бір қалған Еділ жұрт,
Қайран да менің Еділім…

Саулық сақтықта
Енді қауіпсіздікке тоқталайық. Бұл жақта осы мәселеге қатты көңіл бөледі екен. Біз барған жердің бәрінде алдымен антисептикпен зарарсыздандырып, қолыңа бірнеше бетперде ұстатады. Дәке-тұмылдырықты сағат сайын ауыстырып, біз де сақтықты естен шығармадық. Ал қонақүйден үш мезгіл ас ішу ритуалға бергісіз. Өйткені қасық-шанышқы секілді ас жабықтарының бәрі зарарсыздандырылып, пластик пакетке оралған. Ас ішпестен бұрын бәрінің қаптамасын ашып, содан кейін ғана кірісесің. Тіпті бір жұтым судың өзін йогурт секілді жабық ыдыстармен ұсынады. Бұл да елге сапарлап келген әрбір мейманның көңілін табуға тырысып, құрақ ұшқан іргелі елдегі қауіпсіздік мәдениетінің қалыптасқан көрінісі. Күн сайын дене қызуын тексеріп, кейін елге аттанарда ПТР-тест тапсырғанымыз туралы анықтаманы жарты күнде қолымызға ұстатты. Арадағы тілдік ерекшелік те айтарлықтай кедергі келтірмеді. Өйткені көп сөздер бір-біріне ұқсас. Бірде «қызыл» деген сөзді мектептен есте қалған ағылшыншасымен айтып жатсам, ресепшндегі қарындас «қырмызы» деп тақ ете түсті. Содан кейін «қызыл» сөзін қырмызы деп екпін түсіре айтатын болдық!

Анадолыдан Атажұртқа!
Осымен түрік еліндегі тоғыз күнге созылған сапарымыз тәмам. Сәт сайын ұшақтар ұшып-қонып жатқан алып әуежайдың күту залында отырмыз. Түркияға қимастық пен мыңдаған шақырым шалғайда қалған елге сағыныш сезімі қатар түскен мезет. Осы сапарға себепші болған Түркітілдес журналистер қорының төрайымы Нәзия Жоямергенқызына алғымыз ерекше. Түрлі игі істің бастауында жүрген қордың басшысы Түркия Туризм министрлігі ұйымдастырған пресс турға бізді таңдапты. Назия ханым осы елдің табиғатынан бастап, алыс сапарға қалай дайындалу керектігін де ескертіп, шын жанашырлық танытты. Қалған шығынды Түркия тарабы көтеріп алды. Әр күні әдемі әсерге, айта жүретін естелікке толы қызықты күндерді өткіздік. Мұндағы ағайын-туыс, бауырларға да сол күндердің қызығын айтып тауыса алмай жатырмыз. Лайым, түрік қардаштармен Тұран туы астында бірігуді нәсіп еткей!
Еркін Қарин,
Түокітілдес журналистер қоры

5 301 қаралым