Тегін газ қосады дегенде күмәнім болған, бірақ күдік су сепкендей басылды: алматылық тұрғындар Halyk Bank пен Алматы әкімдігінің көмегі туралы айтып берді.
Пеш жағып, көмірмен үйді жылытып отырған алматылық тұрғындардың уайымы бір. Қып-қызыл ақшаға тонналап көмір түсіру. Көмір алуға қажет ақшадан бөлек, пеш жағу кезіндегі машақатты айтсаңызшы. Үйдің ішінде орнатылған пеш түтіндеп, қақаған аязда есік-терезені ашып желдететін кездер де жоқ емес. Ал түтіндеп жанған пеш адам өмірі үшін қауіпті екені айтпаса да түсінікті.
Halyk Bank және Алматы қаласының әкімдігі бірегей әлеуметтік бағдарлама әзірледі. Жобаның мақсаты бірінші кезекте тұрғын үйді газдандыруға мұқтаж, алайда қаржылық мүмкіндігі жоқ халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтарды қолдау болса, екінші кезекте Алматы қаласы ауа бассейнінің жағдайын жақсарту. Осылайша Halyk Bank қайырымдылық көмек ретінде Алматыдағы 71 ошақты газбен қамтыса, енді тағы 21 үйге тегін газ қосу жұмыстары жүріп жатыр.
Қазіргі уақытта Алатау ауданының тұрғыны Жаңабай Қыпшақбаев 1989 жылы көшіп келгелі бері пеш жағып отырмыз дейді. Бұл отбасы жылына 8 тоннаға жуық көмір жағады екен:
«4 балам бар. Үйде сегіз адам тұрамыз. 2009 жылдан бері мүгедек болып қалдым. Көзім көрмейді. 1 топтағы мүгедекпін. Halyk Bank-ке алғысым шексіз. Барлық жұмысты тегін атқарды. Қыс түскенде далаға шығып, көмірім жете ме, жетпей ме, не істесек болады деп ойланып жүр едім. Бұл бір тосынсый болды»,-дейді.
Алматыда газ жүйесіне қосылуға мұқтаж үйлердің көбі қаланың Алатау және Наурызбай ауданында орналасқан. Кезекті тегін газды қостыртып, жылы үйде отырған Кашиева Г.Б. ханым да осы Алатау ауданының тұрғыны.
«6 балам бар. Көпбалалы аналардың жағдайын ойлап, бізге осылай көмектесіп жатқаны үшін Халық банкіне рақметімді айтамын. Барлықтарыңыз бақытты болыңыздар. 1997 жылдан бері от жағамыз. Бұрын көмірді де, отынды да сатып алатынбыз. 6 баламыз бар, ал үйде бір адам ғана жұмыс істейді. Сондықтан газды орнатуға жағдайымыз жетпеді. Халық банкі көмектесіп жатыр дегенді естіп, қуандық. Банкке деген күмәніміз болған жоқ. Өйткені, сенімді банк қой», – дейді көпбалалы ана Кашиева Г.Б.
Атаулы жоба 25 жылдан астам уақыт пеш жағып отырған Жұмабаевтар отбасын да қуантты. Өкінішке орай отағасы және бір ұлы бірінші топ мүгедегі екен. Қаржылай мүмкіндік болмаған соң тіпті үйге газ тартуды ойламадық та дейді:
«Біздің үйге жаңа жыл қарсаңында газ қосты. Жылдың басын осындай тамаша жаңалықпен бастадық. Қазір үй жып-жылы, қолымыз таза. Бұрын от жағамыз деп қолымыз күйе-күйе болып жүруші еді», – деп Жанар ханым өткен уақытты күлімсіреп еске алды.
Былтыр бастау алған жоба халық игіліне жарап, қаламыз экологиялық отын түрлеріне көшу арқылы Алматы ауасы біртіндеп тазарады деген үміттенеміз.