Жарияланды: 09.08.2021

Ботир Шахриёров: « Бұхараның Орталық Азия бойынша туристік потенциалы өте жоғары»

Түркітілдес журналистер қорының отандық БАҚ өкілдері үшін ұйымдастырған Ташкент-Самарқан-Бұхара сапары барысында Бұхара облысы әкімінің орынбасарымен сұхбаттасудың сәті түсті. Қарапайым, өз ісінің нағыз білгірі екендігі байқалып тұр. Бұхараның арғы бергі тарихынан бастап, бүгінгі даму жолына дейін баяндап өтті. Алдағы жоспарларымен де бөлісті. Бұхара облысы әкімінің орынбасары Ботир Шахриёров «Қазақстандық білікті журналистердің келгеніне, бірлесе жұмыс жасайтынымызға қуаныштымыз» деп бастады әңгімесін.

«Бұхараға туристер барлық елдерден келеді. Еуропадан, АҚШ -тан, Орталық Азия елдерінен көп келеді. Соңғы кездері Қытайдан, Малайзия, Жапония, Кореядан келетіндер көбейді. Одан бөлек, араб елдерінен, Түркиядан да келеді. Туристердің ағыны қалың. Бұхараның Орталық Азия бойынша туристік потенциалы өте жоғары. Киелі шаһарымызда 1000 — нан астам тарихи нысандар сақталған. Табиғаты жағынан, тарихи маңыздылығы жағынан, этнотуризм, экотуризм жағынан тартымдылығы өте жоғары. Өзбекстан президентінің арқасында туризм мемлекеттік саясат деңгейіне көтерілді. Соңғы төрт жылда туристер ағыны көбейді. 2019 жылы өңірімізге келген туристер 3 миллион 600 мыңға жетті. Оның 1 миллионы шетелдіктер. Бұрынғы жылдарға қарағанда 3,5 есеге көбейді. Туристер ағынының көп болуына байланысты қонақ үй, мейрамхана, тасымалдаумен айналысатын компанияларға деген сұраныс артты. Президент, үкімет тарапынан инвесторларға, туризм саласында қызмет жасайтын кәсіпкерлерге барынша жағдай жасауға көңіл бөлінуде. Салықтық жеңілдіктер көп, қажетті құрылғыларға жеңілдіктер жасалынуда.

Туристер ағыны көбейсе, табыс та көбейеді. Туризм саласы бойынша жалпы ішкі өнім көлемі Бұхара облысы бойынша 2019 жылы 6-7 пайыз көбейген. 300 млн. доллар табыс түсті. Шетелдік инвесторларды Өзбекстанға тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұхарада туризм саласында 20-дан астам шетелдік инвесторлар жұмыс істеуде. Олардың басым бөлігі қонақ үй, мейрамхана, тасымалдаумен айналысады. Индиядан, Англиядан, АҚШ-тан, Түркия, Иран, Ресейден, араб елдерінен келген инвесторлар туристік нысандарды аяқтау үстінде, деді Бұхара облысының әкімі Ботир Шахриёров.

Бұхара облысындағы туризмнің даму қарқыны туралы толыққанды мәліметке қанық болдық. Әкім орынбасарының мұрындық болуымен түс ауа Бұхарадағы БАҚ өкілдерімен кездесудің сәті түсті. Түркі әлеміне тиесілі медиада атқарылатын шаруалар, ортақ жобалар жайлы кеңес өтті. Алдағы уақытта қос елдің журналистері арқылы бауырлас елдердің туризм саласын дамыту жөніндегі жаңа жобалар жүзеге аспақ.

Гүлжан Көшерова

 

4 320 қаралым