Жарияланды: 27.12.2021

Барыс жылы кімдерге байлық әкеледі?

2022 жыл жайлы, тұрақты жыл болғанымен, халықтың тұрмысы нашарлайды, қымбатшылық қыспаққа алады деген болжам бар

 Санаулы күндерден кейін Барыс жылы табалдырықтан аттап, жаңа жылдың ақ парағы ашылады. 2022 жыл қандай жаңалық әкеледі? Несімен қуантады? Кімге сәтті, кімге қатерлі жыл болады? Қазақстандық нумерологтар келер жылдың сандарына тереңірек үңіліп, нумерологиялық болжам жасады, деп хабарлайды Sputnik.

Жайлылық пен үйлесімділік

Нумеролог Құралай Бақытқызының айтуынша, 2022 жылдың саны – 6. Ал бұл – жайлылық, үйлесімділік және әдемілік нышаны. 2022 жылдың ұраны – «Трендтен қалыс қалмау».

«2021 жыл консервативті жыл болды. Ұмыт қалған салт-дәстүрлер жаңғырып, қазақы көйлектер сәнге кірді. Туысқандармен ара қатынас жақсарды. Ал алдағы екі жыл мүлде өзгеше. Адамдар жаңашылдыққа, трендке ұмтылады. Заман көшіне ілесіп жүруге тырысады. Батысқа еліктейді. Шаршамай-тоқтамай, үнемі еңбектенетін жыл», — дейді қазақстандық маман.

Әсіресе, туған жылы екі санына аяқталатын жандар үшін 2022 жыл өте сәтті болғалы тұр. Олар: 62, 72, 82, 92, 2002, 2012 жылы дүние есігін ашқандар. Қытай нумерологиясы бойынша олардың стихиясы – су.

Сонымен қатар, туған жылы 3 цифрына аяқталатын адамдар үшін де жаман жыл болмайды. Ал туған күні 6 санына аяқталатын адамдарға 2022 жыл байлық әкеледі.

«Жаңа жылда адамдар үнемі қимыл-қозғалыста жүреді. Жиі көшіп-қонады. Тек алға қадам жасап, дамып, өсе береді. Сондай-ақ 2022 жыл депозит ашып, ақша жинауға қолайлы кезең. Бірақ көзсіз тәуекелге баруға болмайды. Асығыс шешім қабылдап, опық жеп қалуыңыз әбден мүмкін», -деп ескертті Құралай Бақытқызы.

 

Бұдан бөлек, 6 әдемілік саны болғандықтан, шығармашыл жандарға айрықша шабыт береді. Бейнелеу өнері, сәулет дамиды.

«2022 жылда қатарынан үш 2 тұр, ал бұл сан бізде идеяны, энергияны білдіреді. Адамдар ішкі түйсікке көп мән береді. Ал 6, сондай-ақ еңбекқорлық, тұрақтылық, ауызбіршілік белгісі. Егер адамның туған жылында алты саны болмаса, ақша тұрақтамайды, шашыла береді», — дейді ол.

Махаббат жылы

Нумерологтың сөзінше, алты саны бұл – Венера. Ал Венера махаббатты, жеке өмірді меңзейді. Сол себепті келесі жылы бойдақтар үйленіп, шаңырақ көтереді. Қыз-жігіттер өз теңін табады. Ел демографиясы жақсарады.

Бұдан бөлек, Құралай Бақытқызының айтуынша, 2022 жыл саяхатты, іс-әрекетті, ізденісті талап етеді.

«2022 жылы қимыл-қозғалыс өте маңызды рөл ойнайды. Сондықтан адамдар белсенді өмір салтын ұстануы керек. Өйткені олар қозғалыстың өзінен энергия, күш-қуат жинайды. Көрші қалаға көлікпен барып-қайтудың өзі медитация. Ой тазарып, жан рахаттанып, тың идеялар келеді», — дейді ол.

Осы орайда нумеролог келесі жылы солтүстікке, климаты «қатал», суық өңірлерге саяхаттауға кеңес берді.

 

«Былтыр мен батыс жаққа көбірек көңіл бөлу керектігін айтқан едім. Сөйтіп, биыл Каспий теңізіне қыдырып барғандар көбейді. Ақтау дамып кетті. Ал 2022 жылы солтүстікке, суық жаққа барған дұрыс. Адам энергияны солтүстіктен алады. Сол себепті саяхатқа шығарда Түркияны емес, Канада, Ресей, өзіміздің астананы таңдауға кеңес берер едім», — дейді Құралай Бақытқызы.

Әлеуметтік жағдай нашарлайды, туризм дамиды

Нумерологтың болжамына сүйенсек, Барыс жылы – Қазақстан үшін тұрақты. Билікте айтарлықтай өзгеріс болмайды. Шағын бизнестің тасы өрге домаласа да, халықтың әлеуметтік жағдайы төмендейді. Халықты қымбатшылық қысады.

«Бірінші жарты жылдықта азық-түлік, тауар бағасы шарықтайды. Әлеуметтік ахуал нашарлайды. Алайда жылдың екінші жартысында оң өзгерістер күтіп тұр. Баспана арзандауы мүмкін. Өндіріс ошақтары дамиды. Экспорт ұлғаяды. Шетелдік инвесторлар көбейеді, инвестиция құйылады. Жол картасы сынды бағдарламалар қабылданады, халық жұмыспен қамтылады. Одан бөлек, бұл жыл туризм, көлік логистикасы, жол құрылысы дамитын жыл», — дейді маман.

Тек қазан айында халық арасында наразылық, толқу болжанып отыр. Қалған айлар тыныш өтеді, деп болжады Құралай Бақытқызы.

Пандемия тоқтай ма

«Коронавирус індеті тоқтай ма, жоқ па, оны ешкім білмейді. Бірақ денсаулық бойынша Қазақстанды жеке қарастырғанымда, 2022 жыл жақсы жыл деп шықты. Адам шығыны байқалмайды. Осыдан-ақ қорытынды шығаруға болады. Бірақ, менің ойымша, коронавирус мүлде жоғалып кетпейді. Тек тұмау сияқты жеңіл түрге өтеді», -деді нумеролог.

Жаңа жылды қалай қарсы алған жөн

Қытай нумерологиясы бойынша 2022 жыл – су жолбарысы жылы.

«Бұл жылды қара-көк түсті киіммен қарсы алған дұрыс. Жыл символы тым ашық, жарқын түстерді ұнатпайды. Суық түстерге басымдық берген абзал», -деп кеңес берді Құралай Бақытқызы.

 

Сонымен қатар, айтуынша, 2022 жылдың алтыншы айы адамдарға сәттілік әкеледі.

2022 жылдың қатерлі күндері

Ал қазақстандық нумеролог Ирина Кальницкая келер жылдың қауіпті күндерін атады. Ол, әсіресе, ақпан айында өте сақ болуды ескертті. Себебі дәл осы айда «әдемі» үш дата бар: 02.02.2022, 20.02.2022 және 22.02.2022.

«Ақпан айы оңайға соқпайды. Бұл әділдік кезеңі. Әр адам қолмен жасағанды мойынмен көтереді. Егер сіз жарты жыл бойы басқаларға жамандық ойласаңыз, жауап беретін сәт жетті. Мысалы, сіз айналаңызда бәрі өтірікші деп санасаңыз, онда ақпанда бәрі сізді алдайды. Яғни, өмірде неге сенсек, сол алдымыздан шығады», — дейді Кальницкая.

Ақпан айын тыныш өткізу үшін өміріңізде болып жатқан оқиғаларға талдау жасап, неге бұл сіздің басыңызға келгенін түсіну қажет.

«Кінәліні іздеу – бекер іс. Егер кінәні өзіңізден емес, өзгеден іздесеңіз, жағдайыңыз одан бетер нашарлайды», — деп ескертті нумеролог.

Маман 2 ақпан күнін гармонияда өткізу үшін тәртіп қажет екенін айтты. Нақты жоспар құрып, соны басшылыққа алу керек. Ашу-ызаға бой алдырмаған абзал. Өйткені дәл осы күндері қандай эмоция болмасын, ол алты еселенеді.

 

Ал 20 ақпан күні нумеролог жаңа іс бастамауға кеңес берді. Алданып қалуыңыз ғажап емес. Сыбыс пен қауесетке сенбеу керек. Кітап оқып, фильм көріп, күнді жанға жайлы тыныштықта өткізген жөн.

Ақпанның 22-сі де қауіпті күндердің бірі саналады. Алаңғасар, ұшқалақ адамдар абайсызда жарақаттанып қалуы ықтимал. Бұл күні іштен тынбай, эмоцияға ерік беру қажет.

Сонымен қатар, 22 ақпан күні болып жатқан оқиғаларға жеңіл-желпі қарау өте маңызды. Бұл өткенді ой елегінен өткізіп, өмірге жаңа көзқараспен қарайтын кез. Бұған қоса, дәл осы күні проблемалар өз-өзінен шешіледі, дейді Кальницкая.

 

1 622 қаралым