Жарияланды: 08.01.2022

Шымкентте бүлікке қатысқандарға 50 мың теңгеден берілгені рас па?

 
«Бұл — шеру емес, бүлік. Арасында болған соң, өз көзіммен көрген соң, айтып отырмын», дейді Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан. Бұл туралы қала әкімінің бірінші орынбасары фейсбуктегі парақшасында жазды. 
 
«Не жазарымды, неден бастарымды білмей отырмын.
Шымкентте екі күн қатарынан болған бейберекетсіздіктің ішінде жүріп, ішкі сезімді сөзбен суреттеу мүмкін емес.
Бұл — шеру емес, бүлік. Арасында болған соң, өз көзіммен көрген соң, айтып отырмын.
4 қаңтарда түнде Республика көшесінің бойында кетіп бара жатқан көліктерге шабуылдап, теуіп, білгендерін істеді. Жедел жәрдем көлігін тоқтатып алды. Ішінде айы-күні жетіп, босануға бара жатқан әйел бар екен. Толғақ қысып, жанындағы дәрігер әлгілерге жалынса да жібермеген. Сол сәтте сол тұста табылған Ауған соғысының ардагері Ғалым Майханов деген ағамыз бүлікшілерге тойтарыс беріп, жедел жәрдемді өткізіп жіберді. Бір кісінің көлігін басып алып, бізбен жүресің деп қоқандлоқы жасаған. Осы сияқты оқиғалар көп.
Сол күні әл-Фараби алаңында болдым. Топтың ортасында айтар әуеждерін тыңдадым. Құзыретім жеткенше жауап бердім. Бірақ сөз тыңдайын деп тұрған топты байқамадым. Бір жарым сағат арасында тұрдым. Абай атамыз көпте ес жоқ деп бекер айтпаған екен.
 
Одан соң әкімдіктің алдына ағылды. Шамамен 4-5 мың адам жиналды. Мемлекеттің 59 көлігін төңкеріп, сындырып тастады. Біразын жағып жіберді. Билік өкілдерін талап етті. Сөйлесуге шыққан әріптестер соққыға жығылды. Әкімдікке баса көктеп кіріп, 6-қабатқа дейін қиратты. Бірқатар компьютер техникаларын алып кеткен. Барлығы видеоға түсіп қалған.
 
Осы бассыздықтан кейін құқық қорғау органдары су шашып, түтін-дыбыс құралдарымен тарқатуға мәжбүр болды. Құқық қораушылардың үйлесімді әрекетінің арқасында жарты сағаттың ішінде әкімдікті басып алғандар сыртқа шығарылды.
 
Біраз адам ұсталды. Арасында біразы есін білмейді. Ертесіне ес жиған соң, біразы шыққан үшін 50 мың теңгеге жейін ақша алғанын, энергетик сусындар таратылғанын, оны ішіп болған соң, есінен адасқанын айтып жатыр. Ішімдік ішкендер де көп болды. Ұсталғандардан сараптама алынды.
***
Ертесіне, 5 қаңтарда түнде тағы жиналды. «Түркістан» сарайын қиратып, «Көрме» орталығын жағып жіберді. Сол уақытта басу айту үшін «Түркістан» сарайында отыр едік. Сарайды басып алды. Терезелерін шағып, ішін жағып жіберді. Қорқыныш деген жоқ, зомбилер сияқты әрекет етті.
1 әскери қызметкерге оқ тиді, қазір емделіп жатыр. Сонымен бірге жиырма шақты құқық қорғаушы түрлі жарақаттар алды. Қазір көбі емделіп шықты
Бұл бүлікке «лаңкестік әрекет» деп баға берілді. Шымкентте ұсталған көліктерден қару, бензин құйылған шөлмектер, пәшкі-пәшкі ақша, инструкциялар, әрекет ету сызбалары табылғанын ескерсек, мұндай тұжырым жасауға толық негіз бар.
Жаңа өзендегі шеруді алға тартып, «шымкенттіктер қолдайды, бас көтерейік» деп біраз адам жазды. Бірқатарын ескерттім. Бірінші күнгі бүліктен кейін көбі түсінді. Айқайға айтақ қосып, отпен ойнауға болмайтынын кеше Президенттің өзі ескертті. Арандатушыдар телеграм-каналдарда Қазақстан бойынша арнайы чаттар ашып, сілтемелер таратылды.
6 қаңтарда Шымкенттің беделді азаматтары құқық қорғау органдарына көмектесіп, қала бойынша кезекшілік ұйымдастырып, сабырға шақырды. Қала тұрғындары “Көшеге шығыңдар” деп ұран тастап жүрген арандатушыларды полицияға өздері ұстап беріп жатыр.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен құқық қорғау органдарының басшылығымен қаладағы жағдай тұрақталды. Соңғы екі күннен бері қоғамдық тәртіп қалпына келді. Зиян келтірілген 5 мемлекеттік және онға жуық бизнес нысандары қалпына келтіріліп жатыр. Қалада интернет қосылды. Қоғамдық көлік қалпына келді.
Ардақты ағайын, қалада комменданттық сағаттың талаптарын орындап, 23-00-ден кейін үйде отыруларыңызды сұраймын. Қалада антитеррорлық операция жалғасып жатыр. Ұйымдастырушылар мен арандатушылар ұсталуда.
Елдің тыныштығы мен бейбітшіліктен асқан байлық жоқ. Басты құндылығымыз мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін күш біріктірейік», делінген жазбада.
767 қаралым