Жарияланды: 02.02.2022

Еліміздің байлары 25 жылда шетелге қанша ақша ұрлап шығарғаны мәлім болды

фото стан.кз

Депутаттар Мәжіліс отырысында Қазақстан халқынан ұрланған қыруар қаражатты елге қайтару мәселесін көтерді.

Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұловтың айтуынша, соңғы 25 жылда елімізден шетелдік оффшорларға шамамен 140-160 миллиард доллар шығарылған, деп хабарлайды Экспресс К.

«Соңғы 5 жылда еліміздің құқық қорғау органдары каражатты шетелге заңсыз шығару фактілері бойынша 200-ден астам іс қозғаған. Алайда нақты нәтижелер туралы еш ақпарат жоқ. Ал «Қаңтар қасіретінде» кейбір олигархтар Қазақстаннан жеке ұшақтармен кетіп қана қоймай, қыруар қаржыны шетелдегі есепшоттарға аударғаны туралы ресми емес ақпарат бар», — деді депутат.

Осыған орай Мақсат Раманқұлов Қаржы мониторингі агенттігіне нақты сауалдар жолдады:

1) Агенттік құрылғаннан бері Қазақстан экономикасына оффшорлық аймақтардан нақты қанша қаражат қайтарылғаны туралы ақпарат беру.

2) Қаңтардағы қайғылы оқиғалар кезінде Қазақстаннан шетелге кім және қанша ақша шығарды? Ондай халықтан ұрланған ақша болса, елге қайтарып, экономикаға жұмыс істесін.

3) Салық органдары осындай жағдайларды тексеруі қажет.

 

1 306 қаралым