Жарияланды: 26.07.2018
Инвестициялық жобаны іске асыруға қызығушылық танытты
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына құрылыс материалдары мен санфаянс бұйымдарын шығаратын ірі испан өндірушісі «Roca Group» компаниясының өкілі Франциско Луис Вилья Коррипио мырза келді. Кездесу барысында Коррипио мырзаның назарына «Оңтүстік» АЭА инвестициялық алаңының шарттары және инвесторларға жеңілдіктер мен артықшылықтар беретін арнайы құқықтық режим мүмкіндіктері ұсынылды. Кездесудің қорытындысы бойынша Коррипио мырза «Roca Group» компаниясы атынан «Оңтүстік» АЭА-ның аумағында сантехникалық бұйымдар мен керамика өндірісі бойынша инвестициялық жобаны іске асыруға қызығушылық танытты. Анықтама үшін: компания 1917 жылы құрылған. Қазіргі кезде әртүрлі елдерде 78 кәсіпорын жұмыс істейді, онда 22 мыңнан астам адам жұмыс жасайды. Компанияның айналым капиталы 1,5 млрд еуро. Орташа жылдық пайда 50-70 миллион еуро құрайды. Түркістан облысындағы индустриалды аймақтарда шетелдік инвесторлар үшін жасалып отырған жеңілдіктер әлемнің әр түкпірінен келген ірі компания өкілдерінің қызығушылығын арттырып отыр. Құрылыс өнімдерін өндіретін компаниялардың өңірімізге инвестиция салуы өте құптарлық-ақ. Құрылыс қарқын алған шақта қай өнім болмасын өтімді. Мемлекеттік түрлі бағдарламалар арқылы салынып жатқан әлеуметтік нысандар, көпқабатты тұрғын үйлердің барлығына да аталған компанияның өнімдері қажеттігі белгілі.
2018-07-26
1 074 қаралым