Еліміздегі мектептер оқушыларды бағалаудың бұрынғы жүйесіне қайта көшірілуі мүмкін бе? Ағылшын және орыс тілдерін 1-сыныптан бастап емес, жоғары сыныптан бастап оқыту қарастырыла ма? Ұстаздарды қорлағандар үшін жаза қатаңдатыла ма? Бұл сұрақтарды Stan.kz тілшісі білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қариновадан сұрап білдік.
БЖБ мен ТЖБ жөнінде
Шолпан Қаринованың айтуынша, педагогтермен кездесу барысында, пән мұғалімдерінің съездерінде критериалды бағалауға қатысты сұрақтар көтеріледі.
“Бөлім бойынша (БЖБ) және тоқсандық жиынтық бағалаудың (ТЖБ) өзіндік ерекшеліктері бар. Бағалаудың бұл түрінде педагогтің субъективті көзқарасына емес, нақты критерийлер мен дескрипторларға сүйенеді. Ал жиынтық бағалау тапсырмасын мұғалім диктант, бақылау, мазмұндама, шығарма форматында да әзірлей алады, оған шектеу қойылмаған”, – дейді вице-министр.
Оның айтуынша, қарсылық білдірушілермен қатар, бүгінгі бағалау жүйесінің тиімділігін айтатын педагогтер де аз емес көрінеді.
“Бағалау тапсырмасы оқу мақсатына сәйкес әзірленеді. Кейбір тақырыптар бойынша оқу мақсаттарының күрделілігі айтылып жүр. Қазіргі күні оқу бағдарламаларын жетілдіруді қолға алдық. Осы жұмыс барысында оқу мақсаттарын да оқушының түсінуіне, жас ерекшелігіне сәйкестендіру көзделіп отыр”, – дейді ол.
1-сыныптан бастап “Орыс тілі” және “Ағылшын тілі” пәндерін оқыту туралы
Вице-министр 1-сыныпта «Орыс тілі» және «Ағылшын тілі» пәндерінің бала үшін қиындық туғызып отырғаны жөнінде пікірлер көтеріліп жүргенін жоққа шығармады. Оның айтуынша, бұл сұрақ министрліктің назарында.
“Бүгінгі күні бұл мәселе Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында ғалымдар мен практик мұғалімдердің қатысуымен талқылануда. Ұсыныстар алдағы уақытта әзірленіп жатқан оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларында ескерілетін болады”, – дейді Шолпан Қаринова.
Ұстаздарды қорлауға байланысты жаза қатаңдатыла ма?
Білім және ғылым министрінің орынбасары «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 409-бабының 7-7-тармағына сәйкес педагогке өзінің лауазымдық міндеттерін орындау кезінде былапыт сөйлеуден, лайықсыз мінез-құлықтан, мазақ қылудан, әбес қылықтар (белгілер), заттар көрсетуден көрінген, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалану арқылы құрметтемеушілік танытқан он екі жастан он алты жасқа дейінгі кәмелетке толмаған балалардың ата-анаға немесе оларды алмастыратын адамдарға жасаған әрекеттері үшін жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келетінін еске салды.
“Педагог мәртебесін арттыру, сондай-ақ оның кәсіби өсуін ынталандыру үшін «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Осы Заңға сәйкес педагогтің мәртебесін көтеру жолдары қарастырылған”, – деді ол.
Мектептердегі парақорлық пен ұстаздарды жұмысқа қабылдаудың жаңа жүйесі жайлы
Қаринованың айтуынша, мұндай жағдайлар мұғалімдерді тағайындаудың бұрынғы жүйесінде, яғни директор шешімді бір жақты қабылдаған жағдайда мүмкін болатын. Қазіргі уақытта педагогтерді жұмысқа қабылдау конкурстық негізде жүзеге асырыла бастады.
“Тағайындау туралы шешімді құрамына білім беру ұйымы әкімшілігінің өкілдері, тиісті деңгейдегі әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) немесе білім беру ұйымының, білім беру саласындағы азаматтық қоғамның әдіскерлері, аудандық (қалалық) білім беру бөлімінің мамандары, мұғалімдер кіретін білім беру ұйымының конкурстық комиссиясы қабылдайды. Конкурсқа қатысу үшін кандидат қабылдау қағидаларында көзделген бірқатар құжаттарды, атап айтқанда, денсаулық жағдайы туралы анықтамаларды, білімі туралы құжаттардың көшірмелерін, жұмысқа орналасқанын растайтын құжаттарды ұсынады, сондай-ақ толтырылған бағалау парағын ұсынады”, – деді Қаринова.
Ұсынылған құжаттарды конкурстық комиссия зерделейді және кандидаттардың үздіктерін іріктейді.
“Бұдан басқа, конкурс шеңберінде сыбайлас жемқорлық қылмыс және/немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны туралы ақпараттың болуы немесе болмауы туралы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне, сонымен қатар педагогикалық әдептің бұзылуы туралы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетіне сұраныс жіберіледі”, – дейді вице-министр.
Қаринова бұл шара жұмысқа қабылдау кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді деп санайды.
Балаларды қосымша сабаққа беріп оқыту жайында
“Бұл мәселені тікелей білім жүйесінің әлсіздігі деуге болмайды. Сабақтан тыс қосымша оқу орталықтарына немесе репетитордың қызметіне жүгінетіндердің басым көпшілігі бастауыш сынып оқушылары және 10-11 сынып оқушылары. Бастауыш сыныптағы оқушылар білім алуда ересектердің көмегіне сүйенеді. Ата-аналардың баланың сабағын үнемі бақылауға мүмкіндігі болмағандықтан және кейбір пәндерден бағдарламаны түсінбегендіктен қосымша оқытушыға жүгінуі мүмкін. Ал 10-11 сынып оқушылары ЖОО-на түсуге дайындықты күшейту үшін қосымша оқу орындарына барады”, – дейді Шолпан Қаринова.
Осы ретте вице-министр негізінен, бастауыш сыныпта оқушының өздігінен оқуына ықпал етуіміз керектігін айтады.
“Бастауыш сынып оқушысын репетиторға беру арқылы оны өздігінен әрекет ету дағдысынан айырамыз. Бала тапсырманы орындау барысында қателеседі, қатесін өзі түзетеді. Бұл жағдайда мұғалімнің қолдауы, түзетуге мүмкіндік беруі өте маңызды. Бірінші сыныптан қосымша оқытушы арқылы оқып үйренген бала жоғары сыныпта да ересек адамның қолдауын күтетін болады. Дегенмен, әрбір мұғалім өзі беретін пән бойынша қанша оқушы қосымша оқу орталығына баратынына талдау жасап, қажетті білімді сабақ арқылы беруі және сабақтан тыс уақытта оқушыны дамытуы тиіс”, – дейді Қаринова.
Айта кетсек, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі N 338 Бұйрығымен бекітілген Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларында «Педагог жалпыға міндетті білім беру стандарттарында көзделген оқушылар мен тәрбиеленушілердің деңгейден төмен емес пәндік нәтижелерін, отбасылық-қызметтік, тұлғалық жетістіктерін қамтамасыз етеді. Білім алушылардың, тәрбиеленушілердің жеке қабілеттерін, қызығушылықтары мен бейімділігін зерттейді» деп көрсетілген.
Балабақша тәрбиешілерінің жалақысы жайлы
Шолпан Қаринованың айтуынша, педагогтің кәсіби өсуінің жаңа жүйесін енгізудің арқасында жалақы лауазымдық жалақыдан 30%-дан 50%-ға дейін ұлғайды (педагог, педагог-модератор, педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші, педагог-шебер).
“2020 жылдан бастап аттестаттаудың жаңа жүйесіне сәйкес мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтері аттестаттау рәсімінен өту нәтижелері бойынша тиісті қосымша ақы алады. Заң аясында тәрбиешілер мұғалімдермен тең құқылы. Олардың жалақысы жыл сайын (2020 жылдан бастап) 25% — ға артып, демалыс күндері 42-ден 56-ға дейін өсті”, – дейді ол.
Мектептерде хиджаб киюге рұқсат берілуі мүмкін бе?
Вице-министр орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» ҚР Заңының 5-бабының 14 бөлігі 1 тармақшасына сәйкес әзірленгенін ескертті.
ҚР Әділет министрлігінің 2016 жылғы 16 ақпандағы қорытындысына сәйкес нормативтік құқықтық акт азаматтардың заңнамада белгіленген құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін бұзбайды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейді.
Талаптардың 8 және 9-тармақтарына сәйкес ұлдардың мектеп формасына пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде (қысқы мезгілде: трикотаж жилет, водолазка). Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады. Қыздардың мектеп формасына пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.
Сонымен қатар, Талаптардың 13-тармағына сәйкес мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды.
«Білім туралы» ҚР Заңының 49-бабы 2-тармағының 3, 6 және 7) тармақшаларына сәйкес ата-аналар және өзге де заңды өкілдері білім беру ұйымының жарғысында айқындалған қағидаларды орындауға, білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға, білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға міндетті. Сондай-ақ, білім беру ұйымдарының басшыларына мектеп формасына қойылатын талаптардың орындалуын бақылау жүктелген. Осыған орай, олардың мектеп формасын сақтау талаптарын қадағалау, талап ету орынды”, – дейді вице-министр.