Жарияланды: 25.08.2022

Атыраудағы мұғалімдерге арналған STEAM жобасы

Атырау қаласы мен облыс мұғалімдері оқушыларды оқытуда пәнаралық кіріктіруді үйрететін біліктілікті арттыру курстарынан өтті.

Атырау, 20 тамыз – 20 тамыз Атырау қаласында STEAM мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстарының ресми аяқталуы өтеді. Бағдарламаға Атырау қаласы мен облысының 26 мектеп, 2 жоғары оқу орны, 5 колледж және 5 қосымша білім беру ұйымынан 160 мұғалім қатысты. Біліктілікті арттыру курстары Орталық Азияның Еуразия қоры «Шеврон» компаниясының қолдауымен  іске асырып жатқан «JasSpace: Атырау жастарын дамыту бастамасы» аясында қазақ және орыс тілдерінде тегін өткізілді.

15 күн ішінде курс тыңдаушылары оқытудың интеграцияланған және пәнаралық тәсілін (STEAM – ғылым, технология, инженерия, өнер және математика) енгізуге бағытталған STEAM тәсілін қолдану дағдыларын жетілдірді. Курс екі лекте өткізілді: 1 мен 5 тамыз аралығында онлайн форматта «Caravan on Knowledge» білім беру ұйымымен серіктестікте, 8-19 тамыз аралығында оффлайн форматта Қазақстандық білім беру және спорттық робототехника федерациясы «KazRobotics» ұйымымен  бірлесіп өткізілді.

«Біз біліктілікті арттыру курстарын өткізу үшін Қазақстанның әр өңірінен үздік мамандарды жинадық. Екі апта бойы қарқынды бағдарлама білім беру, жоғары технологиялық жабдықтарда практикалық дағдыларды меңгеру, шетелдік STEAM жобаларымен танысу және тәжірибе алмасуға бағытталды. Курс аяқталғаннан кейін қатысушылар мектеп оқушыларымен жұмыс істеуде барлық алған дағдыларын қолдана алады. Бұл балаларға тың идеяларды, соның ішінде әлеуметтік пайдалы жобалар мен табысты стартаптарды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деп KazRobotics ұйымының  президенті Айжан Жекеева ойымен бөлісті.

Курс тыңдаушылары 5E (қызықтыру, зерттеу, түсіндіру, сұрақ қою және бағалау), PBL (проблемалық оқыту әдісі), Engineering design (инженерлік дизайн) әдістерін қолдана отырып, заманауи сабақтарды әзірлеу құзіреттіліктерін дамытып қана қоймай, сонымен қатар, Arduino микроконтроллері, 3D принтерде моделдеу және басып шығару, лазерлік кесу және нақыштау машиналарын қолданып  әртүрлі өнімдерді әзірлеп, STEAM жобалары үшін тың идеяларды әзірледі.

 

Курс соңында мұғалімдер кәсіби даму сертификаттарын алу үшін JasSpace кеңістігінде жобалық жұмыстарын қорғады. Мектеп оқушыларының STEAM жүйесінде оқу үдерісін жақсартатын инновациялық әзірлемелерді қатысушылар жоба ретінде ұсынды. Оқушыларға арналған арнайы SMART аймақтар, роботтар, смарт технологиялармен жабдықталған үй, робот көліктер және т.б. жобаларды дайындады.

«Біліктілікті арттыру курстары аймақ үшін ғана емес, Қазақстанның бүкіл білім беру жүйесі үшін өзекті және маңызды. Әрбір ұстаз балаға үлгі болғандықтан, мұғалімдерге оқытудың жаңашыл әдіс-тәсілдерін меңгеру қажет. Бүгінде Атырау облысындағы 83 мектеп STEM және робототехника кабинеттерімен жабдықталған, бірақ оқытылған мұғалімдердің жетіспеушілігінен оларды толыққанды қолдану мүмкіндігі жоқ. Сондықтан, білім беруде STEAM тәсілінің инновациялық әдістері мен технологияларын, сонымен қатар құрал-жабдықтарды пайдаланудың практикалық дағдыларын меңгеру өте қажет», – деп «JasSpace: Атырау жастарын дамыту бастамасы» жобасының жетекшісі Салтанат Ноғайбаланова атап өтті.

JasSpace бағдарламасының мақсаты – STEAM бағыттарында жастарды оқытуды қамтамасыз ететін және осы салалардағы кәсіптердің танымал болуына ықпал ететін кеңістік айналасында экожүйені құру. JasSpace оқушылар сарайының негізінде жоғары технологиялық құралдармен жабдықталған. Мұнда студенттер мен оқытушылар қажетті дағдыларды меңгеріп қана қоймай, инновациялық идеяларды жүзеге асыра алады. «JasSpace: Атырау жастарын дамыту бастамасы» аясында мұғалімдерге арналған 5 STEAM білім беру бағдарламасы әзірленді. Қыркүйек айынан бастап Атырау қаласының 7-11 сынып оқушылары үшін 10 STEAM білім беру бағдарламасы бойынша тегін үйірмелер өтеді.

562 қаралым