Жарияланды: 08.09.2022

Оқушының анасы дене шынықтыру сабағын қысқартып, орнына Әліппе оқытуды сұрады

Ақтау қаласының тұрғыны мектепте кейбір пәндердің сағатын қысқартуды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімдігінің Telegram каналына Ақтаудағы 1-сынып оқушысының ата-анасы оқыту бағдарламасында дене шынықтыру пәні аптасына үш рет өткізілетінін, бұл мектепке жаңа барған баланың ойын бөлетінін айтып шағымданған.

Желі қолданушысы 1-сынып оқушыларына дене шынықтыру сабағын азайтып, орнына әліппе оқытуды сұрап, ұсыныс жасады.

«Дене шынықтыру сабағын аптасына бір мәрте өтсе де жеткілікті» дейді тұрғын.

Ата-ананың сауалына Ақтау қалалық білім бөлімінің мамандары жауап берді.

— 2007 жылғы 27 шілдедегі Білім туралы заңның 5-бабы 6-тармақшасы бойынша Қазақстандағы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспары бекітілді. Осы үлгілік оқу жоспарын негізге ала отырып, ҚР Оқу-ағарту министрінің 12 тамыздағы бұйрығына сәйкес бастауыш, негізгі орта, жалпы орта мектептерде дене шынықтыру пәні аптасына 3 сағаттан өткізілетінін еске саламыз, — деді жауапты бөлім мамандары.

Осылайша білім бөлімі сабақты қысқартуға болмайтынын түсіндірді.

«Telegram каналға қазіргі таңда 11 399 адам тіркелген. Осы уақытқа дейін 12 216 сұрақ келіп түсіп, оның 12 190-на жауап берілді», — дейді қоғамдық коммуникация орталығы БАҚ-пен жұмыс бөлімінің маманы Ақмарал Құлтумаева.

2 280 қаралым