Жарияланды: 21.09.2022

Келер жылдан бастап мектеп асханаларында баға төмендейді – Аймағамбетов

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектептердегі тамақтандыру жүйесін сынға ала отырып, бағаларға қатысты жаңа жоспармен бөлісті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Министр мамандардың қатысуымен жұмыс тобын құрып, тамақтандыру саласы бойынша қажетті түзетулер әзәрленгенін мәлімдеді. Сөзінше, бүгінде мектеп асханаларындағы өнімдер бағасы қарсы дүкен бағасымен салыстырғанда әлдеқайда қымбаттап кеткен. Министр келер жылдан бастап енгізілетін өзгерістерді баяндады.

“Енді қызметтерді жеткізушілермен азық-түлікпен қамтамасыз ету туралы жаңа шарттар жасалғаннан кейін мектеп асханаларындағы бағалар, оның ішінде буфет өнімдері, сусындар және т.б. қызмет көрсетушілердің қалауы бойынша емес, орташа нарықтық бағаларды ескере отырып қалыптастырылады. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу порталындағы деректер базасы мен статистика органдарының ақпараты негізге алынады. Бұл асханаларда бағаның көтерілуіне жол бермейді”, – деді Аймағамбетов.

Министрлік басшысы енді жеткізушілер тендерді ұйымдастырушының конкурс құжаттамасында көрсеткен ас мәзірі мен бағаларға сәйкес қатаң жұмыс істейтінін ескертті. Сөзінше, бұл тыйым салынған өнімдерді өндіру және өткізу тәуекелдерін жою, сонымен бірге буфет өнімдерінің бағасын белгілеу үшін қажет. 

“Азық-түлік бағасының өсуіне байланысты қаңтар айында мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша, мысалы, картоп 100 теңге тұратын келісімшарт жасалған жағдайлар жиі кездеседі. Кейін бірнеше ай өткен соң жеткізуші тауарды жеткізуден бас тартып, нәтижесінде ұйым азық-түліксіз қалады. Сот процедурасына енгізілген жосықсыз жеткізушілердің тізімі бар екені түсінікті. Салдарынан балабақша бүлдіршіндерді тамақпен қамтамасыз ете алмай отырады. Енді жаңа норма бойынша әкімдіктер мұндай жағдайларда осы өнімдердің орташа бағасына сәйкес ұйымдарды үздіксіз қамтамасыз ету үшін қосымша келісім жасайды”, – деп қосты министр.

Асхат Аймағамбетов ата-аналар да тамақтандыру саласынан хабардар болып, сапасын бағалай алуы үшін білім ресурсына кезең-кезеңімен норма енгізілетінін айтты. Сөзінше енді пайдаланушыларға қызмет көрсету мақсатында тағамдардың, ас мәзірінің, бағалардың фотосуреттерін жариялау нормасы болады.

“Алматыда мектепте тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша пилоттық жоба басталғанын атап өткім келеді. Бүгінгі таңда тамақтануды ұйымдастыру процесін оңтайландыруға және жеделдетуге бағытталған пилот қаланың үш мектебінде іске қосылды. Сондай-ақ мектеп ас мәзірін қалыптастыру тәсілдерін жаңарту жұмыстарын да бастап кеттік”, –  деді Аймағамбетов.

Бұл өзгерістер келер жылы келісімшартқа қол қойылған кезден бастап іске аспақ.

 
1 008 қаралым