Жарияланды: 22.11.2022

Есірткі еккен егде жастағы ер адам 3 жылға бас бостандығынан айырылды

Түркістан облысында ірі көлемде есірткі еккен егде жастағы ер адам 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Нақтырақ айтсақ, полицейлерге Сарыағаш ауданының тұрғыны есірткі егумен айналысады деген жедел ақпарат келіп түсті. Ақпарат алысымен тыңғылықты тексеру жұмыстарын жүргізу үшін ПД-нің тәртіп сақшыларынан шұғыл топ құрылды. Полицейлер жан-жақты жұмыс жүргізіп, ақпарат жинақтады.

Соның нәтижесінде күдікті анықталып, ұсталды. Егде жастағы ер адамның үйіне тінту жүргізу кезінде, үйінің артқы жағында орналасқан егістік алқабынан егілген, күтіп-бапталған есірткіге ұқсас өсімдіктер табылды.

Осылайша сезіктіден айғақты зат ретінде 2720 түп өсімдік тәркіленіп, олар сараптамаға жіберілді. Сараптама қорытындысымен алынған түптер «көкнәр» өсімдігі болып шықты.

Жергілікті тұрғынның есірткі егіп-өсіруі бойынша сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК-нің 300-бабымен «Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру» басталды.

Оқиғаның толық мән-жайын анықтаған полицейлер, істі айыптау актісімен заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолдады.

Сарыағаш аудандық сотының үкімімен 54 жастағы ер адам ҚР ҚК-нің 300-бабының 2-бөлігі 3-тармағына сәйкес кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

 

302 қаралым