Жарияланды: 22.11.2022

Жыл сайын елімізде әскерге шақырылатын 17 мың азаматтың 4 мыңы Түркістан облысынан жіберіледі

Түркістан облысында 1500-ден астам әскерге шақырылушы зерделеуден өтті. Күзгі шақыру жұмыстары басталмас бұрын шілде айынан бастап әскерге шақырылушылармен зерделеу жұмыстары жүргізілген. Зерделеуден өткен әрбір азамат өзінің денсаулығы, білімі, моральды-психологиялық жағдайына байланысты Қарулы Күштер және басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарына баратыны нақтыланды. Бұл туралы Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Жандос Күлдербаев айтты. «Жыл сайын елімізде әскерге шақырылатын 17 мың азаматтың 4 мыңы Түркістан облысынан жіберіледі. Осы ретте биыл наурыз айынан бастап 2 мыңнан аса азамат Отан алдындағы әскери борышын өтеуге жөнелтілді. Атап айтқанда, ҚР Қарулы Күштеріне 850-ден астам, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне 300-дей адам, ҚР Мемлекеттік Күзет қызметіне 10-нан астам адам, ҚР Ұлттық ұланға 900-ге жуық адам, сондай-ақ, ҚР Төтенше жағдайлары министрлігінің тапсырысына сай 30-дай адам жіберілді. Қазіргі таңда өңірімізде күзгі әскерге шақыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы 14 мыңға жуық адам зерделеуден өтуі керек. Жоспар бойынша 2000-нан аса азамат әскерге шақырылуы тиіс. Осы ретте 1500-ден астам азамат зерделеуден өтіп, 692 азамат іріктелді. Қазір жеке істері жинақталуда», — деді Жандос Тынымбекұлы.

Айта кетейік, облыста жергілікті әскери басқару органдары тарапынан жастарды әскерге шақыру бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Яғни, Түркістан облысының қалалары мен аудандарында жергілікті атқарушы органдарымен (әкімдіктер) бірлесіп, осы тақырыпқа арналған билбордтар мен баннерлер ілінді. Одан басқа БАҚ, интернет-ресурстарда әскер өміріне арналған мақалалар, роликтер жариялануда.

Сонымен қатар, ҰОС ардагерлерінің, басқа да мемлекеттердің аумағындағы ұрыс іс-қимылдарының ардагерлерінің, діни конфессиялар өкілдерінің қатысуымен облыстық әкімдікте жастарды әскерге шақыру тақырыбына арналған кеңес өткізілді.

 

269 қаралым