Жарияланды: 23.11.2022

Тәртіп сақшыларына «Алғыс хат» жолдады

 

Бұл тұрғындар зейнеткер ұстаз Амит Тажибаев, ауыл ақсақалдары Төлбасы Құрманбеков, Абдусаттар Джаханов, «Алтын алқа» иегері Анжир Қожамбердиева. Аталған ауыл тұрғындары Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков пен осы басқарманың инспекторы полиция аға лейтенанты Жасдәурен Нұрғазиевке алғыстарын жаудырып, хат жолдады.

Нақтырақ айтсақ, ауыл үлкендері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өздерінің ұсыныс-пікірлерін жазып, мемлекеттік органға өтініш қалдырған. Ал мұны тиісті құрылым қызметкерлері назарға алып, бірден зерттеп жұмыстарын жүргізеді. Тұрғындар көрсеткен аймақты түгел қарап, қандай да бір қажетті жол белгілерін қою мүмкіншілігін қарастырады. Нәтисінде зерделеу жұмыстары мәселенің оң шешілуіне ықпал етеді.

Атап айтсақ, Сауран ауданы Оранғай ауылдық округінің 18-500 шақырымы толық тексеріліп, аталған жолға екінші жолмен қиылысатын 4 дана жол белгісі қойылады. Оған қоса 4 дана жаяу жүргінші өтпесі, 2 дана ең жоғары жылдамдықты шектеу (60) жол белгісі, 2 дана басты жол белгісі, 2 дана жол беріңдер белгілері орнатылады. Сондай-ақ жылдамдықты өлшейтін 2 дана «Сергек» бейнебақылау камералары қойылды.

Осы жұмыстардың атқарылуына тікелей септігін тигізген полицейлерге тұрғындар шынайы ризашылықтарын жеткізді. Өз міндеттерін кәсіби деңгейде орындаған, өзекті мәселені шешуге уақтылы көмектескен, жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалған жұмыстарына шексіз алғыстарын білдірді. Олар полицейлердің қызметтеріне сәттілік, ел мүддесі үшін жасалатын істеріне абырой тілеп, хатқа түсірді.

542 қаралым