Жарияланды: 23.11.2022

Әскерге шақыруға хабарламалар жіберіледі

 

Әскери борыш – абыройлы міндет! Отан қорғаушы!  Қандай қасиетті де құдіретті сөз! Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық, отан сүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Қай дәуірде болсын, Отан қорғау әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы болып келген. Өзін ер азаматпын деп санайтын кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы.

 

Дегенмен бүгіне әскердегі азаматтық борышын орындаудан жалтарып жататындар жоқ емес. Енді оларға деген заң талабы қатаңдатылмақ.

Қазір әскерге шақырылушының бұрынғыдай тұрғылықты үйлеріне шақыру қағазын апарып, яғни қағаз жүзіндегі шақыру ұсынылмайды. Қазір оларды sms-хабарландыру арқылы шақыру жіберіледі. Осы әдіс арқылы жастардың қайда жүргені туралы нақты мәлімет алуға болады, дейді Түркістан облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департамент мамандары.

Сондай-ақ, жуырда Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Ғани Артықов әскерден жалтарған азаматтарға жауапкершілік қатаңдатылатынын айтты.

Ғани Артықовтың айтуынша, әскери борышын өтеуден жалтарып жүрген жастарға заң осыған дейін де жұмсақ болмаған. Заң бойынша азаматтар әскерден жалтаратын болса 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Болмаса 1000 айлық көрсеткіштен 3000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады.  

“Алайда осы күнге дейін бірде-бір адам осындай ауыр жазаға ұшыраған жоқ, ірі көлемде айыппұл салынбады. Жастардың көбі заңдық тұрғыдағы жауапкершілік жайынан бейхабар. Әрине, оларды әскери пунктерге шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін әскерге барып жатыр”, – деді Ғани Артықов. 

Мамандардың айтуынша көбіне азаматтар жоғары оқу орындарын аяқтаған соң еліміздің өзге өңірлеріне жұмысқа кетеді. Сол себепті оларды табу қиынға соғады екен. Дегенмен оларға хабарламалар жіберілуде. Бұл жұмысты жеңілдете түседі.

Қорғаныс саласы мамандарының жүргізіп отырған ақпараттық бағыттағы жұмыстарынан кейін әскерден қашатындардың қатары сиреп келеді. Жастар бұл мәселег түсіністікпен қарап,барынша жауапкершілік танытуда.

461 қаралым