Жарияланды: 24.11.2022

Әуе қорғанысы күштерінің  оқушылармен кездесуі өтті

Әуе қорғанысы күштерінің  оқушылармен кездесуі өтті

Жауынгерлік дайындық пен спортта айтарлықтай нәтижелерге жеткен мерзімді қызметтегі сарбаздар өздерінің қысқа мерзімді демалысы кезінде  мектептердің бірінің жоғары сынып оқушыларымен кездесті. 

Әуе қорғанысы күштерінің түсіндіру тобының оқушылармен кездесуі кәсіптік бағдар беру жұмысы аясында өтті. Ақпараттық топ құрамына Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының орынбасары полковник Әлім Ибраев, бас сержант Руслан Баймұханов және жауынгерлік даярлық үздіктері, мерзімді қызметтің әскери қызметшілері Нұрболат Әділбай, Мерхат Жылқыбаев, Әділ Биділдаев кірді.

– Оқушылармен кәсіби бағдар беру жұмысын жүргізу маңызды. Көбінесе жасөспірімдерге болашақ мамандықты таңдау туралы шешім қабылдау қиынға соғатыны рас. Бұл еңбек нарығы туралы түсініктердің болмауына, жұмыс берушілердің жеке қасиеттеріне және мамандарды кәсіби даярлауға қоятын талаптарға байланысты. Біздің міндетіміз – оларға осы бағытта шешім қабылдауға және дұрыс таңдау жасауға көмектесу, – деді полковник Әлім Ибраев.

Оның айтуынша, Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшылығы жастарға әскери ұшқыш мамандығын насихаттау үшін айтарлықтай жұмыс жүргізеді.  

Ерлік сабағында оқушыларға Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты туралы айтылды. Онда бірқатар ұшу, инженерлік және медициналық мамандықтар бойынша мамандар даярлайды. Бұл Орта Азиядағы осындай жалғыз әскери оқу орын. Оның түлектері күштік құрылымдарда да, елдің азаматтық секторында да ауадай қажет. Әскери жоғары оқу орнында білім алуға Тәжікстан мен Қырғызстаннан да талапкерлер келеді.

«Жас сарбаз» республикалық балалар-жасөспірімдер қозғалысының қызметі, «Айбын» жыл сайынғы әскери-патриоттық жиыны және мерзімді әскери қызмет өткергеннен кейін елдің жоғары оқу орындарына түсу кезіндегі жеңілдіктер туралы ақпарат жасөспірімдердің шынайы қызығушылығын тудырды. 

Осы жылдың көктемінде Жетіген кентінің авиабазасына әскерге шақырылған, жауынгерлік даярлық үздіктері Нұрболат Әділбай, Мерхат Жылқыбаев және Әділ Биділдаев Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімдерінде оның қалай ұйымдастырылғаны туралы айтып берді. Олар жауынгерлік қызметке, күн тәртібіне, тамақтануға және қамтылымның барлық түрлеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Сарбаздар қызмет барысында қалай машықтану керектігін және жауынгер досыңның болуы да маңызды екенін айтты. Сондай-ақ, жауынгерлер мерзімді қызметтен кейін бірге Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтына түсіп, әскери ұшқыш болуға шешім қабылдағанын да жасырмады. Шара соңында сарбаздар гитараның сүйемелдеуімен бірнеше белгілі әндерді орындады.

363 қаралым