Жарияланды: 26.11.2022

Жетісайлық полицейлер тұрғынға көмектесіп, алғыс алды

 
Түркістан облысына қарасты Жетісай аудандық полиция бөліміне Ынтымақ ауылының тұрғыны шағымданады. Ер адамның айтуынша, оның қорасында байланып тұрған бір бас тайы белгісіз жағдайда шығып кетіп жоғалған.
 
Аталған жүйрік аттың бағасы базар нарқымен 300 000 теңгеден асады. Өзі 4 күн бойы ары-бері іздеп таба алмағаннан кейін, полицейлерден көмек сұрайды. Хабар алысымен тәжірибелі тәртіп сақшылары әрекет етіп, іздеуге кіріседі. Куәлардан жауап алып, жақын аумақтарды аралайды. Жол талғамайтын қызметтік көлікпен тау-тасты мұқият қарап шығады.
 
Соның нәтижесінде көрші ауылдағы басқа жылқылардың арасынан тұрғынның жоғалған жылқысын табады. Содан жылқы заңды иесіне қайтарылды. Жүйрік аттың егесі Баймахан Қыдырбаев өз сөзінде: «Полицейлерге, мың рақмет! Жоғалған жылқымды 1 тәулік ішінде тауып берді. Негізі бірінші өзім іздеп шығып едім, менің іздеуім сәтсіз болды. Ал, полицейлер өз істерінің нағыз маманы екендіктерін дәлелдеді. Жетісайлық тәртіп сақшыларына рақметімді айтамын!»-деп, шынайы ризашылығын білдірді.

 

666 қаралым