Жарияланды: 26.11.2022

Есірткімен күрес ешуақытта тоқтамайды

 

Есірткі қылмысына қарсы күрес ешуақытта да тоқтамайды. Бүгінде Түркістан облысының полицейлері интернет әлеміндегі есірткі саудасына тосқауыл қою, есірткі қылмысының алдын алу мақсатында қарқынды жұмыс жүргізуде. Мәселен жыл басынан бері ПД-нің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының полицейлерімен, осындай заңсыз әрекетпен айналысатын 214 есірткі сайттары анықталып, оларды бұғаттау бойынша шешім қабылдау үшін құзыретті мемлекеттік органға жолданған.

Жалпы облыс полицейлері 10 ай ішінде 165 есірткі қылмысын тіркеді. Оған қоса 208 есірткі теріс қылықтары анықтады. Оның ішінде 19-ы есірткі сату қылмысы, 19-ы аса ірі көлемде есірткі затын сақтау, 55-і есірткі контрабандасы. Есірткі өсімдігін еккен 69 дерек анықталды. Сондай-ақ 200 000 түптен астам сора өсімдігі табылып, жойылды. Заңсыз айналымнан 1,5 тоннаға жуық түрлі есірткілер тәркіленіп алынды. Есірткіге қарсы күрес күшейген саын амалын асырам деп опық жеп, қолға түскендердің де қатары азаймай отыр. Әсіресе шекаралық аумақтарда тәртіп қатаң екенін біле де басын қатерге тігіп, есірткі алы өтпек болғандар қолға түсуде. Жуырда ғана

аяқ киіміне есірткі жасырған шетелдік қамауға алынды. Cарыағаш аудандық полиция бөліміне шекара бақылау бекетінен шұғыл хабарлама келіп түсті. Онда «Наоми» атты қызметтік ит Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына жаяу өтіп бара жатқан жолаушыға белгі береді.

Полицейлер күмән тудырған азаматты тоқтатып, тексереді. Осы сәтте күдікті азаматтың аяқ киімінен есірткіге ұқсас зат табылады. Алынған зат сараптамаға жолданып, оның «гашиш» есірткісі екені расталды.

Ұсталған орта жастағы азаматтың Тәжікстан елінің тұрғыны екені анықталды. Күдікті ер адам қамауға алынып, оған қатысты ҚР ҚК-нің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Түркістандық тәртіп сақшыларымен бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар атқарылып, есірткісіз қоғамның қалыптасуы жолындағы іс-шаралар іске асырыла бермек.

 

 

334 қаралым