Жарияланды: 26.11.2022

Құрылғыны сатып, қаржысын  бас пайдасына жаратқан

Бүгінде орын алып жатқан қылмыстардың ең көбісі ұрлық болып отыр. Оңай жерден олжа табамын дегендер өзгелердің мүлкін жымқырып кетуде. Алайда қырағы құқық қорғаушылар ұрыларды дер кезінде құрықтап жатыр. Түркістан облысына қарасты Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып келген. Жәбірленуші азаматтың айтуынша, оның құрылыс жұмыстары бітпеген үйіне ұры түскен. Яғни, үйдің есігін белгісіз біреу бұзып, ішінде тұрған цемент араластыратын (миксер) техникасын жымқырып кеткен. Шығын көлемі 270 000 теңге. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді.

Орын алған ұрлық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында, тәртіп сақшылары бірден іске кірісті.

Нәтижесінде күдікті ер адам тәулік ішінде анықталды. Тексеру кезінде күдікті ұрлап алған құрылғыны 50 мың теңгеге бас пайдасының қажеттілігіне сатып жібергені анықталды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері ұрлық қылмысының алдын алу үшін, үйге, сауда орындарына, қоймаларға, ғимараттарға бейнебақылау камераларын орнату қажеттігін ескертеді.

 

413 қаралым