Жарияланды: 26.11.2022

Матростар Жауынгерлік тумен қоштасты

 

 

Қазақстан Әскери-теңіз күштері әртекті корабльдер дивизионының 70-тен аса матросы Жауынгерлік тумен қоштасты.

Бір жыл бұрын Шығыс Қазақстан мен Атырау облыстарынан шақырылған матростарды салтанатты түрде запасқа шығарды. Әскери-теңіз базасының пирсінде дивизионның жеке құрамы мен әскерге жаңа келген сарбаздар, келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің отбасы мүшелері тұрды.

– Бір жылдың ішінде әскери мамандықты меңгеріп шықтыңдар. Алған білімдерің мен дағдыларыңды жиын-жорықтарда және оқу-жаттығуларда дәлелдедіңдер. Соның арқасында Халықаралық армия ойындары жарысында еліміздің Әскери-теңіз күштерін лайықты  деңгейде көрсеттіңдер, – деді Әскери-теңіз базасы командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Бағдат Мыңбаев.

Жауынгерлік дайындық тапсырмаларын сапалы орындағаны және қызметтегі табыстары үшін ерекше көзге түскен әскери қызметшілер медальдармен, мақтау қағаздарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Олардың ата-аналарына да алғыс хаттар жолданды.

– Мен корабльде қызмет еткеніме мақтанамын. Су үсті корабльдер экипаждарының «Теңіз кубогы-2022» конкурсына қатысқан кезім ерекше есімде қалды. Сол кезде екінші орын алдық. Одан өзге мен келешекте өзіме қажет болатын техникалық мамандықты меңгеріп шықтым. Сондықтан әскердегі уақыт мен үшін пайдалы болды, – деді түркістандық аға матрос  Ернұр Ғалымжанов.

Дәстүр бойынша іс-шара жеке құрамның салтанатты маршымен және жекпе-жек ұрысының элементтерін көрсеткен десанттық-шабуылдау батальоны жауынгерлерінің өнерімен аяқталды.

 

633 қаралым