Жарияланды: 27.11.2022

Стратегиялық оқу-жаттығудың негізгі қорытындылары қаралды

 

Қорғаныс ведомствасының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов кеңес өткізіп, онда осы жылы «Айбалта-2022» стратегиялық оқу-жаттығуының негізгі қорытындылары қаралды.

«Айбалта-2022» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы Қарулы Күштер Бас штабының бірыңғай жоспары бойынша еліміздің бүкіл өңірінде өтті. Оған Түркістан облыстық қорғаныс саласы қызметкерлері де белсене қатысты. Бірінші кезеңде жоспарлар нақтыланып, күштік құрылымдардың орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылы ұйымдастырылды, запастағы әскери қызметшілер шақырылып, жұмылдыру оқу-жаттығулары өткізілді.

Екінші кезеңде Қарулы күштердің құрамалары мен бөлімдері оңтүстік, шығыс, батыс және орталық аймақтарда көзделген жауынгерлік дайындық тапсырмаларын орындады. Маневрлердің соңғы белсенді кезеңінде бірқатар жедел-тактикалық, тактикалық, ұшу-тактикалық, тактикалық-арнайы және арнайы оқу-жаттығулар өткізілді. Одан өзге, «Айбалта-2022» стратегиялық оқу-жаттығуы аясында ҰҚШҰ-ға мүше елдердің әскери контингенттерін жасақтау арқылы «Өзара іс-қимыл» командалық-штабтық оқу-жаттығуы, барлау күштері мен құралдарының «Іздеу» және әскерлерді материалдық-техникалық қамтамасыз ететін «Эшелон» арнайы оқу-жаттығуы өткізілді.

Қорытындылай келе, Қорғаныс министрі әскери басқару органдары мен әскерлерді даярлауды одан әрі жетілдіру қажет деді.

– Жаттығулардың қорытындысы бойынша әрбір командир қызметтің мәнісін түсініп, басты күшті қайда бағыттау керектігін түсінді деген сенімдемін. Әлемдегі шиеленіскен жағдайға байланысты әркез кәсіби біліктілігімізді арттырып қана қоймай, ел Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының тапсырмаларын толықтай іске асыра отырып, әскерлерді пайдаланудың жаңа әдіс-тәсілдерін табуға тиіспіз. – деді генерал-полковник Руслан Жақсылықов.

 «Айбалта-2022» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуының нәтижесіне қарай жасалған қорытындылар Қарулы күштердің дайындығын одан әрі жоспарлау және жеке құрамның жауынгерлік даярлығын арттыру барысында ескерілетін болады.

 

 

384 қаралым