Жарияланды: 31.07.2018

Еңбек айдынында — «дала кемелері»

Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданындағы Арыс ауылдық округіне қарасты «Сүйіндік» шаруа қожалығының мүшелері бүгінде қарбалас сәтті бастан өткеріп жатыр. Өйткені, мұнда көптен күткен астықтарына орақ түсіп, «дала кемелері» егістік алқаптарын қызу еңбек дүбіріне айналдырып жүр. «Біздің қарамағымызда 1150 гектар жер бар, — дейді аталмыш шаруа қожалығының төрағасы Мелдебек Сүйіндікұлы Тайлиев. – Өткен жылы оның 650 гектарына бидай, 300 гектарына мақсары, 80 гектарына арпа, 100 гектарына жоңышқа еккен болатынбыз. Міне, маңдай термен еккен астығымызды енді шашпай-төкпей қоймаға жинап алу – басты назарымызда тұр. Астыққа орақ түскелі көп бола қойған жоқ. Әлгі 650 гектардың күні бүгінге дейін 200 гектарынан астамын орып үлгердік. Әзірге астық өнімі гектарына шаққанда 13-14 центнерден айналуда. Қазіргі таңда егістікте 3 — «Енисей» комбайндары, 2 – Камаз автокөліктері, 3 — МТЗ тракторы және 3 -К-701 тракторлары қатыстырылуда. Астық орағына жылда қатысып, едәуір тәжірибе жинақтап қалған ағайынды комбайнерлер Нұрғазы, Ерғазы, Ералы Тояшевтер бұл науқанда өздерін суда жүзген балықтай сезінсе, олардан Қайыржан Әсілбеков Сержан Молдабаев та қалысар емес. Олар бастырған астықты тасымалдауда Ақылбек Жанботаев, Берік есімді  азаматтар көліктерінің құлағында ойнаған жүргізушілер де өздерінің әбжіл қимылдарымен ерекше көзге түсіп келеді. Астық орағына қатысушылар екі мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, «престеу» жұмыстары да қарқын алуда. Оларды көліктеріне артқан жүргізуші Алиевтер тайланған сабандарды алушы талапкерлерге жеткізіп беруді өз мойындарына алған. Шаруалар биылғы астық түсімі мол болады деп алақанды ысқылап отырған жәйі бар.

 

Орынтай Көмеков

1 227 қаралым