Жарияланды: 07.11.2022

МЕЙРАМ ҚАЖЫКЕН: БІЛІМ ТҰЛҒА ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ

Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкен Өскемендегі «Каравай» ЖШС ұжымымен кездесті.

Жұмысшылармен кездесуде кандидат өзінің сайлауалды бағдарламасының мақсат-мүдделеріне тоқталды. Атап айтқанда, отбасының қаржылық жағдайына қарамастан оқушының немесе студенттің мәртебесін көтеріп, білім беру сапасын арттырудың маңыздылығын атап өтті.

«Мен ауылдан қалаға дейінгі барлық деңгейде қолжетімді және сапалы білім беруді қолдаймын. Балалар тек элиталық мектептер мен университеттерде ғана емес, кез келген білім ордасында сапалы әрі жан-жақты білім алуы керек. Бұл бағытты бизнеске айналдыруға болмайды. Өйткені, білім тұлға қалыптастырады. Ал бизнестен қандай тұлғалар шығуы мүмкін?»,-деді М.Қажыкен.

Сондай-ақ, жиында ауыл шаруашылығын, медицинаны, кәсіпкерлікті, әлеуметтік саланы дамыту тақырыбында да пікір алмасулар болды.

Өскемен СЭС АЭС» ЖШС-на барған Мейрам Қажыкен станса қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді. Жұмысшылар ГЭС сияқты ірі нысандарды жеке инвесторларға беруге қалай қарайтынын сұрады.

«Бұл жайлы әңгімені нақты кесіп айту қиын. Мен нысандардың шетелдік инвесторлардың қолында болғанын қаламайтынымды анық айта аламын. Бірақ мемлекеттің қолында болу да ең жақсы шешім емес. Өйткені, бұл жерде көп мәселе мен кедергілер, бюрократия пайда болады»,-деп М.Қажыкен бұл сұраққа қатысты өз ойын ашық білдірді.

525 қаралым