Жарияланды: 08.11.2022

БЕЛСЕНДІЛЕРДІҢ ТАНЫЛУЫНА МҮМКІНДІК БЕРЕТІН НАУҚАН

Белсенділік қай қоғамда да жоғары бағаланады. Халықтың әр нәрсеге жауапкершілікпен қарап, әр іске азаматтық ұстанымымен атсалысқаны абзал.
Осы тұрғыдан алғанда биылғы 20 қарашада өтетін кезектен тыс Президент сайлауына сергек қарап, сезімталдықпен үн қатқанымыз жөн.
Әрине, көпшілік болған соң сан түрлі пікір айтылатыны анық. Өз кезегінде пікір қайшылығының да қоғамға берер пайдасы жоқ емес. Түрлі көзқарастар қоғамға қозғау салып, шын мәнінде ел ішіндегі өзекті мәселелер су бетіне қалқып шығады. Яғни айтылған саналуан пікірлерден өзімізге керегін алып, дұрыс бағдар жасап жатсақ, одан біздің қоғам да ұтылмақ емес.
Жасыратыны жоқ, осындай саяси додаларға бәйге қосатын тұста кімнің кім екені, елге қандай еңбегі сіңгені әңгімеге арқау болып жатады. Бұл дегеніміз, ел сеніміне ие болу үшін соған лайық білімің, елге сіңірген еңбегің, ең бастысы қандай жағдайда да кір шалдырмаған атақ-абыройың болуы керек. Міне, осы талап үдесінен шығатын үміткер ғана қалың елдің қолдауына ие болатыны анық. Кейде саяси науқан жақындағанда ғана әрекетке көшіп, өткен-кеткен кемшіліктерімізді түзеген болып жатамыз. Мұның өзі сайып келгенде сайлаудың маңыздылығын, ел алдындағы жауапкершілік жүгінің қандай екенін білдірсе керек. Сайлау жақындаған сайын оған үміткерлердің кім екені, қандай ортада тәрбиеленгені, нендей еңбегімен көзге түскені жайлы білгісі келетіндердің қатары артатыны заңдылық. Сол қызығушылық біздің де біраз ізденуімізге түрткі болды.
Жалпы, біздің елді кім басқарады? Оның қандай қарым-қабілеті бар? Бұл – әрбір саналы адамның көкейіндегі сұрақ десем артық айтқандық болмас. Биылғы кезектен тыс президенттік сайлауға Қасым-Жомарт Тоқаев, Мейрам Қажыкен, Жигули Дайрабаев, Қарақат Абден, Салтанат Тұрсынбекова және Нұрлан Әуесбаев кандидат ретінде тіркелді. Елдің бүгіні мен келешегі үшін әрбір қазақстандықтың алдында президенттік сайлауға белсенді қатысу міндеті тұр. Ал, кандидаттардың алдында өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстыру, елдің көңілінен шығатындай жұмыстарын кеңінен насихаттау сияқты жауапты міндеттер бар. Бұл жауапты кезеңнің жұмысы бүгінде басталып та кетті.
Иә, демократиялық қоғамда азаматтардың саяси белсенділігі сайлауға қатысу деңгейімен өлшенеді. Өйткені, сайлаудың тиімділігі экономикалық, әлеуметтік және рухани факторларға тікелей әсер етеді.
Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі қоғамдағы адамдардың белсенділігі де бұл науқанда үлкен рөл атқарады. Сол үшін, мүмкіндігінше өз таңдауымызды жасап, саяси науқанға сергектікпен қарап, белсене атсалысайық.
Оразбекқажы ШЫРШЫҚБАЕВ,
Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы

330 қаралым