Жарияланды: 08.11.2022

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 1 МИЛЛИОННАН АСТАМ САЙЛАУШЫ ДАУЫС БЕРЕДІ

Түркістан облысы бойынша 919 сайлау учаскесі бар. Оның 50-і облыс орталығында орналасқан. Соңғы мәліметтерге сәйкес, облыста 1 163 860 сайлаушы дауыс береді. Қазір өңірде сайлаушылар санын нақтылау бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Бұл туралы Түркістан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиев мәлімдеді.

Төрағаның айтуынша, науқанды бақылауға 2 229 комиссия мүшесі бекітілген. Олар учаскелердің техникалық жабдықталуын, сапалы ғаламтормен қамтылуын тексеруде.

— Қазір сайлау комиссиясының мүшелерін оқыту мен дайындығына баса назар аударылып отыр. Сайлаудың әділ өтуі — осы сайлау учаскелерінің мүшелеріне, олардың біліктіліктеріне байланысты. Сол үшін оқыту жұмыстарына жіті көңіл бөліп отырмыз, — дейді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы.

Сондай-ақ, сайлауда мүгедектігі бар азаматтар үшін жағдай жасалынады. Қазіргі таңда облыста 97 101 мүгедектігі бар азамат тұрады. Олардың 60 пайызы сайлауда дауыс беру құқығына ие. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін учаскелерде арнайы бұрыштар орнатылған. Одан бөлек, 36 инватакси, 42 әлеуметтік такси, есту қабілеттері нашар азаматтар үшін 101 ымдау маманы қызмет көрсетеді.

Одан бөлек, сайлау күні полиция департаментінің жеке құрамы да қарқынды жұмыс атқармақ. Науқан кезінде құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 1 830 полиция қызметкері жұмылдырылады.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

409 қаралым