Жарияланды: 30.11.2022

102 қосымшасы арқылы полицейлерге жалпы 2195 хабарлама түскен

Түркістан облысы Полиция департаменті бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің тапсырмасымен Жедел басқару орталығының полицейлеріне полиция подполковнигі Сәбит Бахтығалиев сабақ өткізді.

Полицей арнайы дәрісте ҚР Ішкі істер министрлігінің тапсырмасы бойынша қосылып, өз жұмысын жасап жатқан 102 қосымшасы туралы 102 операторларына түсіндірме жасады. Аталған қосымша қосылғалы бері атқарылған жұмыстарды орталық қызметкерлерімен бірге талдап, пысықтады. Сонымен қатар хабарлама берген әрбір азаматқа дер кезінде жауап беру, полиция қызметкерлеріне нақты хабарлама бойынша бағыт беру және жедел көмек көрсетілуіне ықпал ету айтылды.

Мәлімет ретінде айтар болсақ, Түркістан облысы бойынша «102» қосымшасы өткен жылдан бері үздіксіз жұмыс жасауда. Ал жыл басынан бері облыс көлемінде 102 қосымшасы арқылы полицейлерге жалпы 2195 хабарлама түскен. Бұл қоңыраулардың барлығы тіркеліп, әрбір хабарлама бойынша тәртіп сақшыларымен тиісті шаралар атқарылған. Олардың ішінде бейнехабарламалар 63, аудиохабарламалар 136, мәтіндік жазбалар 1996.

102 қосымшасының артықшылығы оның белгілі әлеуметтік желілерге ұқсастығында, сондықтан да әр пайдаланушыға түсінікті, тиімділігі анағұрлым жоғары. Азаматтарға жылдам әрі ыңғайлы болмақ. Сондықтан да, қандай да бір заң бұзушылықты көріп, келеңсіз жағдайға тап болған жағдайда ұялы телефон арқылы тез арада «102» қосымшасы арқылы көмек алуға болады.

 

 

 

573 қаралым