Жарияланды: 03.08.2018

Күнгей кәсіпкерлері үшін қолайлы

Кәсіпкерлікті жаппай дамыту. Бүгінде осы қарқынмен ауқымды жұмыстар атқарылуда. Көздеген мақсаты бар, кәсіпкерлік саласында бағымды сынап көрсем дегендерге даңғыл жол ашық. Тек кәсіпкерлік саласында білім жетілдіріп, алғышарттарын үйренсе болғаны. Кәсіпкерлікті дамытуға берілетін қаржы көлемі де ұлғайып, шарттары икемдендірілген. Осыған орай Түркістан облысы кәсіпкерлеріне бағдарламаның тиімділігі, шарттары түсіндірілуде. Ол үшін өңірімізге 6 банктің басшылары мен өкілдері келді. Олар жүйелі түрде жиын өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізетін болады. Бүгінде «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» игілігі күнгейлік кәсіпкерлер үшін қолайлы болып тұр. Кәсіпкерлік саласына бағытталған басқа бағдарламаларға қарағанда бұл жобаның тиімділігі орасан. Бұрынғыдай әр есікті қағып жүрмей, тікелей өзі қалауы түскен банкке келіп құжаттарын өткізеді. Арадағы 4-5 апта көлемінде жоба сараптаудан өткізіледі. Жобаның келешегі кемел деп танылса, мақұлданады. Оған дейін кәсіпкерлік палатасының мамандары бизнес жоспар жасап, құжаттарын дайындап береді. Одан кейін «Банк-клинт» жүйесі бойынша жұмыс істейді. Арман Аубакиров, Кәсіпкерлер палатасының директоры: «Шымкент, Түркістан, Кентау қалаларында екінші деңгейлі банктер қаражат беріп жатыр. Бірақ бастаушы кәсіпкерлер бұл жөнінде жақсы біле бермейді. Қандай мүмкіндік бар, қандай банктер беріп жатыр. Соны түсінідіріп жатырмыз. Банктердің рейтингін де жасасақ деп отырмыз. Осы бағдарламаға 6 банк қатысса бәсекелестік болады. Кәсіпкерлерді өздеріне тартатын болады». Несиенің жылдық сыйақысы 6 пайыздан аспайды. Комиссия алынбайды. Тәуелсіз бағалау компаниясы, сақтандыру, ақша аудару сынды қызметтерді банктер өздері ұсынады. Тағы бір тиімді тұсы  Стартап жобалар да қаржыландырады. Бір ай, тіпті бір апта бұрын тіркелген кәсіпкерлер де қатысуға мүмкіндіг бар. Бөлінген қаржының 20 пайызы жаңадан бастаушы кәсіпкерлерге берілмек.  Мая Бердалиева, «Даму» қорының қызметкері: «Жаппай кәсіпкерлерлікті дамыту бойынша бүгінге күнге дейін 2 млрд теңгеден астам қаржы аударылған. Оның ішінде 8 жобаға 907 млн теңге бөлінді. Екінші деңгейлі банктер жобаларды қаржыландыру бойынша сараптама жұмыстарын жүргізуде. Аз уақыт аралығында қаржылар басқа да жобаларға бөлінетін болады».

Кәсіпкерлер палатасы банктердің рейтингін жасамақ. Әлеуметтік желілер арқылы қанша жобалар іске асырылып жатқаны жөнінде ақпар беріп отырмақ. Жобаларды ең көп іске асырылған банктердің де клиенттері көп болары сөзсіз. Банктер арасында бәсекелестік болғаны кәсіпкерлерге де жақсы. Олар өздеріне қолайлы пайызды таңдап жүріп, тиімдісін алатын болады. Қолынан іс келетін, тірліктің көзін тапқан кәсіпкерлер күнгейде көп. Енді аталған бағдарламаның арқасында олардың қатары тағы да артпақ.

1 102 қаралым