Жарияланды: 26.12.2022

ТҮРКІСТАНДА «ЕҢБЕГІ ЖАНҒАН АРУЛАР» АТТЫ ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР ФОРУМЫ ӨТТІ

Бүгін Түркістан қаласында «Еңбегі жанған арулар» іскер әйелдер форумы өтті. Жиынға «Түркістан облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар қауымдастығының Президенті, облыстық мәслихат депутаты Инара Намазбаева модераторлық етті.
Аталған шара Қазақстанның іскер әйелдерінің қоғамдағы рөлін арттыру және түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген қарапайым жұмыскер әйелдерді дәріптеп, олардың мәртебесін өсіру мақсатында ұйымдастырылды. Форумға мемлекеттік мекемелер, өңірдегі бизнес қауымдастық өкілдері, мәслихат депутаттары қатысып, өзара тәжірибе алмасты.
Жиында сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев өңірдің дамуына үлкен ықпалын тигізіп келе жатқан салалардың бірі кәсіпкерлік болса, оның ішінде осы саланы дамытуда кәсіпкер әйелдердің үлесі орасан екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, форумға Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының Президенті Раушан Сәрсембаева, Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, Астанадан келген «Акбар» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының директоры Раушан Қожанова, Түркістан облысы бойынша әйелдер күштері Альянсының төрайымы, «ЖИТС-тен балаларды қорғау» қайырымдылық қоғамдық қорының президенті Жаннета Жазықбева «Y-PEER» жобасының Түркістан қаласы бойынша үйлестірушісі Күмісай Артықбаева қатысып, мазмұнды баяндама жасады.
Форум аясында қатысушылар өз бизнестерінің шыңына шығу жолында жеткен жетістіктерімен, тәжірибелерімен бөлісті. «Turkistan invest» аймақтық агенттігінің Инвестиция тарту және талдау бөлімінің басшысы, «Томирис» әйелдер көшбасшылық жобасының қатысушысы Ұлжан Шилібекова форум арқылы іскер ханымдардың жетістіктерін кейінгі жастарға үлгі ету, жас кәсіпкерлерге бағыт-бағдар беру маңызды екенін атап өтті. Ал «Aizhamal тәттілері» жеке кәсіпкерлігінің директоры Айжамал Жанбуршина өзінің нан-тоқаш наубайханасы, кондитерлік цехы туралы ойларын ортаға салды.
Жиын соңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген іскер ханымдар марапатталып, оларға «Еңбегі жанған арулар» төсбелгісі табысталды.
981 қаралым