Жарияланды: 03.01.2023

ТҮРКІСТАН: КЕНТАУ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ЖЫЛУ ОРТАЛЫҒЫ ҚАЛЫПТЫ ЖАҒДАЙДА ЖҰМЫС ІСТЕП ТҰР

Түркістан облысының Кентау қаласында орналасқан жылу энергоорталығы қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай жаңа 2023 жылдың алғашқы күнін қоғамдық қауіпсіздік пен коммуналдық қызмет саласының жұмысшыларымен кездесуден бастады. Кентау қаласындағы жылу орталығының жұмысын тексерді. Қысқы маусым кезінде басқа өңірлерде жылу мекемелерінде орын алып жатқан төтенше жағдайдың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды зерделеді. Кентау әкімі Жандос Тасовқа Жылу орталығына қажетті құрылыс жұмыстары бойынша ұсыныс енгізуін тапсырды.
Кентау – Түркістан облысындағы моноқаланың бірі. Мұнда 100 мыңнан астам халық қоныстанған. Кентау қаласындағы №5 жылу энергия орталығы қалыпты режимде жұмыс істеуде. Жылу беру температуралық кесте бойынша жүзеге асып жатыр. Орталықтандырылған жылуға қосылған 14 мың абонент бар. Барлығы толық жылу жүйесімен қамтамасыз етілген. Оның 106-сы бюджеттік мекемелер, 336 көпқабатты тұрғын үй, 2250 жеке сектордағы үйлер, 4 мыңдай коммерциялық нысан аталған орталықтан жылу алып отыр.
2022-2023 жылдары жылыту маусымын сапалы және үзіліссіз өткізу мақсатында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, №5 ЖЭО негізгі және қосалқы қондырғыларын, №7,8,11,12 қазандықтарын, №3 турбогенераторды ағымдағы жөндеуге қажетті қаржы қарастырылған. Қазіргі уақытта ағымдағы жөндеу бойынша барлық жұмыстар толығымен аяқталған.
Сонымен қатар, 2022-2023 жылдардағы жылу маусымына қажетті 90 000 тонна қатты отын (көмір), 700 тонна сұйық отын (мазут) және 20 тонна дизельге келісімшарт түзілген. Ол кестеге сәйкес жеткізілуде.
Айта кетейік, Кентаудағы №5 жылу энерго орталық 1934 жылы салынған. Мамандардың сөзінше негізгі материалдық жабдықтардың 85 пайызы тозған. Бюджеттен бөлінген қаражат электр станциялары мен жылу желілері жабдықтарының ағымдағы жөндеу жұмыстарына ғана жетеді.
Кентау қаласында жаңа жылу орталығын салу мәселесі қаралуда. Жаңа жылу энергоорталыққа қатысты екі жоба жасалған. Оның бірі — жылу орталығын табиғи газға қосу, ал екіншісі — жаңа жылу энерго орталығын салу.
Айта кетейік, жаңа жылдық мереке Түркістан облысында тыныш өтті. Барлық құқық қорғау органдары күшейтілген режимде қызмет атқарып, айтарлықтай қылмыс тіркелмеген.
Түркістан облысының басшылығы сондай-ақ полиция жұмысымен танысты. Қаланың қауіпсіздігін қамту бойынша 50 бейнекамера жұмыс жасайды. Арман Жетпісбай Кентау басшысына қала ішіне қауіпсіздікті қамту бойынша бейнекамераларды көбейтуді тапсырды.
 
 
764 қаралым