Жарияланды: 04.08.2018

Кешенді жоспар қажет

Түркістан облысында агроөнеркәсіпті дамытуға кешенді жоспар керек. Алда жасалатын тұжырымдамадан жаңа әкімшілік аумақтар тыс қалмауы тиіс. Осылай деген облыс әкімі сала жұмысын ширатуды тапсырды. Алғашқы жартыжылдықты қорытындылаған тиісті басқарманың басты міндеттері айқындалды. Өткен жартыжылдықта өңірлік өнім көлемі 146 миллиард теңгеге жетіп, 25 миллиардқа артқан. Түркістан облысы өнім өндірісінде 14 пайыз көрсеткішпен Республикада 2-ші орында тұр. Салада өсім байқалады. Экспорт көлемі 68 млн. АҚШ долларға жеткен. Бұдан бөлек, облысымызда 60 мыңнан аса үй шаруашылықтары мен фермер мүшелерінен құралған 704 кооператив өз жұмысын бастаған. Серік Тұрбеков – облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы “Алайда, жарты жылда еңсерген шаруа көзделген межеге жетпеген. Басқарма басшысының баяндамасына қанағаттанбаған Жансейіт Қансейітұлы бірқатар тапсырмалар жүктеді”. Жансейіт Түймебаев – Түркістан облысының әкімі “Соңғы әкімшілік-аумақтық өзгерістерді еске ала отырып, ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа стратегиялық концепциясы қажет. 21 жылға дейінгі бағдарлама мен Елбасы айтқан тапсырмалар  бойынша жасалып жатқан жұмыстар жеткіліксіз”. Агроөнеркәсіп кешенінде нәтижелі жұмыс байқаулы үшін аймақтағы жасыл белдеуді ұлғайту қажет. Заманауи технология негізінде тамшылатып суғаруға басымдық берілгені дұрыс. Жоспар жүйемен жүзеге асса ғана Үкімет бекіткен индикаторларды орындаудың мүмкіндігі туады.  Жиында ақ алтынды аймақ саналатын өңіріміздегі мақта шаруашылығын зиянкестерден қорғау қатаң бақыланатыны да айтылды. Отырыс соңында облыс әкімі айтылған кемшіліктер мен сын-ескертпелерден тиісті қорытынды шығарып, нәтижелі жұмыс атқаруды тапсырды.

Д.Мырзақадір

 

1 102 қаралым