Аудан әкімідігінің ұйымдастыруымен Түлкібас ауданында көктемнің алғышқы күндерінен бастап көгалдандыру жұмыстары бастау алды.
Атап айтсақ, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде 2021-2025 жылдары елді мекендер аумағына 15 млн. ағаш көшеттерін отырғызу тапсырмасын орындау мақсатында, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан елді мекендерді көгалдандыру үшін беріліп жатқан көшеттердің бүгінгі таңда 5700 данасы алдын ала дайындалған орындарға отырғызылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады. Яғни, наурыз айында аудан бойынша көгілдір шырша, туя, слива писсарди, сәнді ағаш, қарағай және т.б. ағаш түрлерінің 22 800 астам көшетін отырғызу жоспарлануда.
Бүгін аудан әкімі Нұрлан Байғұт аудан аумағындағы көгалдандыру жұмыстарын бақылап, аудан орталығының шығыс қақпасы маңында іске асып жатқан көшет отырғызу жұмыстарына ат салысты. Бұл жерде мың түп аталған ағаш көшеттері отырғызылды.
Айта кетейік, көшеттер отырғызылатын орындар арнайы дайындалып, тиісті басқарма тарапынан бекітілген. Оны суғару, күтіп ұстау, айналасын қоршау тікелей ауыл әкімдеріне жүктеледі.