Жарияланды: 10.03.2023

Түркістан облысында наурыз мерекесі 10 күн бойы атап өтіледі

Түркістанның рухани-мәдени елорда мәртебесін көтеру мақсатында белсенді жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл мақсатта алда келе жатқан ұлттық мейрам — Наурыз мерекесі облыста 10 күн бойы атап өтіледі. Бастама облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қолдауымен жүзеге асады. 10 күн бойы әр атаулы күнге жеке-дара үлкен мән беріліп, «Тазалық күні», «Мейірімділік күні», «Балалар күні» секілді ерекше форматта өткізілмек.
Бұл туралы бүгін өткен брифингте Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев мәлімдеді. Сондай-ақ брифингке облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ербұлан Жәнібеков қатысты.
Аңсар Жаңабайұлының мәлімдеуінше, биыл Түркістан облысында Наурыз мерекесі 10 күн бойы атап өтілмек. Мереке шеңберінде сенбілік, түрлі челленждер, жүгіру марафоны, концерттік бағдарламалар, ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарының көрмелері, түрлі байқаулар мен конкурстар, ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар, қайырымдылық акцияларын өткізу жоспарланып отыр.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы өңірімізге жасаған арнайы сапары аясында Түркістан қаласына рухани елорда мәртебесін беру туралы бастама көтерді. Бұл орайда, облыс орталығында, аудан, қалаларда Наурыз мерекесінің мән-маңызын арттыратын, ел ішінде бірлік, ынтымақты насихаттайтын ауқымды іс-шаралар өтеді. Өткізілетін барлық іс-шаралар Президент Жолдаулары, әлеуметтік бастамалары мен маңызды мақалаларының және басқа да мемлекеттік бағдарламалық құжаттардың басымдықтарына сәйкес іске асады», — деді Аңсар Өсербаев.
Брифингте сөз алған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев биыл Наурыз мерекесі облыс аумағында 11 наурыз күні «Наурыз – тазалықтың айнасы» атты сенбілікпен бастау алып, 23 наурыз күні «Наурыз — мейірімділік мерекесі» атты қайырымдылық шарасымен жалғасатынын атап өтті.
«Мереке қарсаңында «Наурыз – жақсылықтың жаршысы» атауымен облыстық челленж ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерде жарияланады. 14 наурыз күні сағат 08.00-де «Наурыз – саулықтың кепілі» атты мерекелік жалпыұлттық жүгіру марафоны ұйымдастырылады. Ал 17 наурыз күні «Наурыз — жаңару айы» атты барлық мектептерде, мектептен тыс мекемелерде концерттік бағдарламалар, сәндік-қолданбалы көрмелер, жағдайы төмен отбасылардың балаларына, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсету шаралары ұйымдастырылады. Осы күні балалар тасымалын жасайтын 71 дана автобус салтанатты түрде өңірдегі білім беру мекемелеріне табысталатын болады. Сондай-ақ, 20 наурыз күні «Керуен сарай» кешенінде «Наурыз – жәрмеңке» атты I Халықаралық «Kazagro/kazfood» Turkistan сауда жәрмеңкесінің ашылуы өтеді», — деді Әзімхан Қойлыбаев.
Айта кетсек, өңірдегі мерекелік іс-шаралар ақсақалдар мен ардагерлердің, аға буынның ізгі тілектері, бата беруі — «Наурыз бата» дәстүрімен қорытындыланады.
640 қаралым