Жарияланды: 16.05.2023

Қазақстан-Германия техникалық және дуалды білім беру саласындағы кооперациясын дамыту болашағы БЕК отырысында талқыланды

Бүгін Берлин Еуразиялық клубының 37-ші отырысына қатысушылар Қазақстан мен Германия арасындағы техникалық жоғары және кәсіптік білім саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Іс-шараға екі елден мемлекеттік органдардың, жоғары және орта кәсіптік оқу орындарының, бизнес-қауымдастықтардың, сарапшылық қауымдастық және неміс компанияларының, cолардың ішінде «Deutsche Bank», «Siemens Energy», «Knauf», «MAN» және «Rhenus» компаниялардың 100-ге жуық өкілдері қатысты.

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко өз алғы сөзінде республиканы одан әрі индустрияландыру және өнеркәсіптік әлеуетін арттыру үшін кәсіби техникалық кадрлар базасын ұлғайту түбегейлі маңызды болып табылатынын атап өтті.

«Қазақстан білім беру мен адами капиталды дамытуға елеулі бағдар жасайды, ол неміс ноу-хаумен және озық технологияларымен бірге Қазақстан-Германия кооперациясын сапалы жаңа деңгейге шығаруға ықпал ететін негізгі факторлардың біріне айналуы тиіс», – деді дипломат.

Герман экономикасының Шығыс комитеті президиумының мүшесі Манфред Грундке өз баяндамасында екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық серпінінің белсенді өсуін және неміс кәсіпкерлерінің келешегі зор қазақстандық нарыққа қатысуын кеңейтуге айрықша қызығушылық танытып жатқанын атап өтті.

Айта кететін жайт, жаһандық жеткізу тізбегіндегі түбегейлі өзгерістерге қарамастан, Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы жылдан жылға әсерлі қарқын алуда. Біздің статистикамызға сәйкес, Германиямен сауда 2022 жылы 2,8 млрд АҚШ долларын құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 24,7%-ға артқан. Сонымен қатар, неміс деректеріне сәйкес, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан алғаш рет ГФР-дың 50 жетекші сауда әріптестерінің тізіміне еніп, 9,7 млрд еуро тауар айналымымен 43-ші орынға ие болды. Өз кезегінде, ГФР Қазақстан экономикасына ірі инвесторлар арасында 10-шы орынды иеленді.

Неміс тарапынан тең баяндамашы, Германия Сыртқы істер министрлігінің Ғылым, білім және зерттеулер саласындағы сыртқы саясат жөніндегі уәкілі Вито Чечере екіжақты білім беру және ғылым саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен оларды одан әрі кеңейту перспективалары туралы хабарлады. Неміс дипломатының айтуынша, ГФР СІМ Гёте институтының, Германияның академиялық студенттер алмасу қызметінің (DAAD), «Мектептер: болашақ серіктестері» (PASCH-schools) бастамасының, Қазақ-Герман университетінің, Шетелдегі этникалық немістерді қолдау қорының (SVmDA) қызметін қолдайды.

БЕК отырысы қарсаңында Р. Василенконың В. Чечермен жеке кездесуі өтті, келіссөздер барысында екіжақты саяси қатынастардың өзекті жай-күйі және білім, ғылым және зерттеу салаларындағы неғұрлым тығыз өзара іс-қимыл жасау әлеуеті талқыланды. Атап айтқанда, тараптар Қазақстан аумағындағы экономикалық және сауда-инвестициялық жобалар мен салалар санының артуы үшін кадрларды, соның ішінде техникалық мамандықтар бойынша үдемелі дамытуға өзара ұмтылысын растады.

Осы тұрғыда білім беру саласындағы флагмандық жобалардың бірі ретінде Ақтау қаласындағы Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің базасында жаңа Қазақ-Неміс инжиниринг институтының ашылуы атап өтілді.

Анықтама: Берлин Еуразиялық клубы 2012 жылы құрылды және саясат пен экономиканың түрлі салаларындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылау үшін мемлекеттік органдар, бизнес өкілдерінің, ГФР және Еуропаның басқа да елдерінің сарапшылары мен практиктерінің қатысуы үшін ашық диалог платформасы ретінде әрекет етеді.  

216 қаралым