Жарияланды: 19.05.2023

Алматыдағы “Музей түні”

18 мамыр – Халықаралық музейлер күні. Осы мереке аясында әлемнің 150 елінде «Музей түні» акциясы өтеді. Сондай дүбірлі мереке Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты Алматы қаласы музейлер бірлестігінде өтті.

Мерекелі кешке жиналғандарды Алматы қаласы Мәдениет басқармасының өкілі Арман Бейсенбайұлы Халбеков құттықтады. «Тарих. Тұлға. Музей» тақырыбында ұйымдастырылған бұл іс-шарада елімізге танымал Рамазан Стамғазиев, Ғазизхан Шекербек, Кенжебек Жанәбілов, Ерлан Байбазаров, Мұрат Әбуғазы, Нұржан Жанпейісов, Ерболат Құдайберген, Ұшқын Жамалбек, «Tengry ethno music band», «Steppe Sons»тобы секілді сахна саңлақтары өнер көрсетті.
Сонымен бірге, «Тірі музей» театрландырылған қойылымында тарихи тұлғалар – Құрманғазы, Дина, Ақан Сері, Біржан Сал, Ахмет Байтұрсынұлы, Бауыржан Момышұлы, Қаныш Сәтпаев, Мұхаметжан Тынышбаев, Роза Бағланова, Поль Гурдэ тарихтан сыр шертіп, келушілер қызығушылығын оятты. Ал, қыш құмыра жасаушылардың шеберлік сағаты, аквагрим, қолонершілер жәрмеңкесі кеш шырайын аша түсті.

Қала тұрғындары мен қонақтары “Тарих. Тұлға. Музей” тақырыбында квест ойындарына қатысып, жеңімпаздар сыйлықтарға ие болды. Бұл акцияның негізгі идеясы – қоғам және жеке адамдардың өміріндегі музейлердің алатын орнын көрсету және халық назарын тарихи-мәдени мұрамызды сақтап, насихаттауға аудару.

Танабек Аружан

427 қаралым