Жарияланды: 06.08.2018

Өнімді жыл

Түркістан облысында биылғы көктем кештеу шығып, үсік жүргенімен жыл табысты болғалы тұр. Әсіресе бау бақша шаруашылығымен айналысатын дихандар биыл алманың жылдағыдан көп салғанын айтып отыр. Қазығұрт ауданындағы «Амангелді» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жаздық алманы жинау науқанын аяқтап та қалды. Бір түп алмадан 15-20 келіге дейін алма жинап алуда. Былтыр ғана отырғызылған пәкене бойлы М-9 сорты биыл сабағын көтере алмастай молынан өнім берді. Жаздық алмалардың «Кәмпит», «Самурет», «Гала» сұрыптарының дәмі тіл үйірерліктей. Алма бауда отандық алмалардан бөлек итальяндық, сербтік сұрыптар да бар. Шетелден әкелінген көшетттер тез тамырлап, жерсініпті. Амангелділік алма бауының өнімдерін бүгінде бүкіл қазақстандықтар татып отыр. Одан бөлек шетелдерге де экспортталуда. Тек алма өсірумен ғана шектеліп қалмай амангелділіктер бүгінде шабдалы, алмұрт, қара өрік те өсіруде. Иісі жұпар аңқыған, дәмді отандық алмаларға деген сұраныс өте жоғары. Алдын ала тапсырыс беріп алдыратындардың қатары да қалың. Апорт сұрыпын да өсіріп баптап отыр. Үлкендігі жұдырықтай алманы сатып алушылар бар. Биыл серіктестік жылдағыдан да мол өнім жинаймыз деп отыр.

1 007 қаралым