Жарияланды: 26.05.2023

Вьетнамның индустриалды дамыған провинциясы бизнес-делегацияны Қазақстанға жіберуге дайын

Қазақстанның Вьетнамдағы Елшісі Ерлан Байжанов Ханоймен көршілес Бак Нинь провинциясында болып, провинцияның Халық комитетінің төрағасы Нгуен Хыонг Зиангпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Нгуен Зианг провинцияда орналасқан индустриалды парктердің қызметі туралы хабардар етіп, оның инвестициялық әлеуетімен таныстырды. Оның айтуынша, шетелдік инвестицияларды тартудың басым салалары электрондық жабдықтар өндірісі, медицина, логистика, сауда, ақпараттық технологиялар және туризм болып табылады. Провинцияның ірі инвесторлар қатарына «Samsung», «Canon», «Pepsico», «Foxconn», «ABB», «Amkor Technology», «Goertek», «VSIP», «DLH USA LLC» сияқты компаниялар кіреді.

Кездесу барысында тараптар іскерлік байланыстарды жандандыру, атап айтқанда 2023 жылы екі ел арасында бизнес-форум өткізу туралы уағдаласты.

Сонымен қатар қазақстандық дипломаттар акустикалық компоненттер, оптика, микроэлектроника және цифрлық дәуірдің басқа да жабдықтарын өндіруде әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылатын «Goertek Vietnam» компаниясының зауытына барды. 2013 жылы құрылған осы компания жоғары технологиялық зерттеулер мен әзірлемелерге маманданған.

Анықтама: Бак Нинь провинциясы ауданы бойынша Вьетнамдағы ең кішкентай, халық тығыздығы бойынша ең үлкен және ЖІӨ-ге қосқан үлесі бойынша елде үшінші орында. Оның аумағында 16 индустриялық аймақ жұмыс істейді, 23 индустриялық кластер іске қосылды. 24,17 млрд АҚШ доллары жалпы сомасына 1 908 инвестициялық жоба іске асырылуда. Шетелдік инвесторлар арасында үздік үштікке Оңтүстік Корея, Сингапур және Жапония кіреді.

217 қаралым