Жарияланды: 31.05.2023

Клайпедада Қазақстаннан Еуропаға жүк тасымалдау көлемін арттыру мәселелері талқыланды

Қазақстанның Литвадағы Елшісі Тимур Оразаев Клайпеда теңіз порты басқармасының бас директоры Алгис Латакаспен кездесуде Қазақстаннан жүк тасымалы көлемін сақтау мен арттырудың маңыздылығын атап өтті.

Белгілі болғандай, Қазақстан Үкіметі еліміздің көлік-логистикалық инфрақұрылымын, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға басымдық береді. Бұл тұрғыда ү.ж. 1 маусымнан бастап «LTG Cargo» ұлттық литвалық теміржол компаниясының «Транскаспий халықаралық көлік маршруты» халықаралық қауымдастығына кіруі оң бағаланды. Бұл соғыс қимылдарының жалғасуы және трансеуразиялық маршруттардағы санкциялық кедергілер салдарынан өңірдегі көлік-логистикалық проблемалармен байланысты жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, Қазақстаннан Литваға және кері қарай жүк ағындарын әртараптандыру үшін жаңа мүмкіндіктерді ашады.

Тараптар Клайпеда порты арқылы екі ел арасындағы жүк ағынының азаюына алаңдаушылық білдіріп, қазақстандық көлік компаниялары мен экспорттаушылар өкілдерінің қатысуымен бизнес-делегацияның Клайпедаға сапары қарсаңында ынтымақтастық перспективалары талқылады.

А. Латакас 2022 жылы жалпы қуаты 70 млн тонна құрайтын порттың 36 млн тоннадан астам жүк өңделгенін айтты. Бұл ретте өткен жылы портта өңделген қазақстандық жүктердің көлемі екі есеге артып, 200 мың тоннадан астам құрады. Қазақстан жүктерінің негізгі бөлігін ферроқорытпалар мен тыңайтқыштар құрады.

Сонымен қатар ҚР Елшісі Балтық аймағындағы ең ірі стевидорлық компаниялардың бірі «BEGA» басшылығымен бөлек кездесу өткізді. Т. Оразаев Қазақстанның инвестициялық әлеуетін таныстырып, еліміздің арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда бизнес жүргізудің артықшылықтары туралы айтты және Қазақстанға баратын алдағы іскерлік миссияларға қатысуға шақырды.

«BEGA» басқарма төрағасы Алоизас Кузмарских Елшіні тәулігіне 12 мың тоннаға дейін жүктің кез келген түрін қабылдай алатын компанияның ең заманауи терминалдарының жұмысымен таныстырды. Ол порт компаниялары Қазақстаннан жүк тасымалдау көлемін сақтауға және ұлғайтуға жоғары қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.

Анықтама: Клайпеда порты – Балтық теңізіндегі төрт ірі порттың бірі және Литвадағы негізгі көлік-логистикалық хабы. Порт қызметімен 800-ден астам шаруашылық субъектілері байланысты, олар 58 мыңнан астам жұмыс орнын жасақтап, Литваның ЖІӨ-нің шамамен 7%-ын құрайды (портпен байланысты барлық кәсіпорындардың қызметін есепке алғанда – шамамен 18%).

«BEGA» компаниясы – 1992 жылы құрылған Клайпеда портындағы алғашқы жеке стевидорлық компания. Қазіргі уақытта ол Клайпеда портындағы ең ірі және заманауи стевидорлық компаниялардың бірі. Компания терминалдарының жалпы қуаттылығы жылына 8-10 млн тонна құрайды.

 

319 қаралым