Жарияланды: 08.06.2023

Отандастарымыздың зейнетақы жинақтары жыл басынан бері 1 триллион теңгеге өсті

 

фото БЖЗҚ

БЖЗҚ-ның 2023 жылғы 1 мамырдағы негізгі көрсеткіштері 

 

2023 жылғы 1 мамырға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының (алушыларының) жеке шоттарындағы зейнетақы жинақтары 15,68 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан 01.05.2023 ж. дейінгі  өсім 1 трлн теңге (6,9%). Өткен жылдың сәйкес күнімен салыстырғанда зейнетақы жинақтарының көлемі 2,74 трлн теңгеге (немесе 21,1%) өсті.

Өсім жарналар мен инвестициялық табыс түріндегі кіріс, сондай-ақ, зейнетақы төлемдері түріндегі, оның ішінде кесте бойынша және біржолғы — тұрғын үй мен емделу, мұрагерлік, жерлеу, тұрақты тұруға кету және т. б. мақсаттағы шығыс ағындары есебінен қалыптасты.

2023 жылдың 4 айында зейнетақы жарналарының сомасы 663,42 млрд теңге болды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 27% немесе 139,88 млрд теңгеге жоғары.  Айта кетейік, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім жарналардың барлық түрлері бойынша орын алды: МЗЖ – 27%, МКЗЖ – 24%, ЕЗЖ – 73%.

Отандастарымыздың жинақтарының 96,9% міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасты.  01.05.2023 ж. МЗЖ көлемі – 15,18 трлн теңге (бір жылдағы өсім — 20,9%, жыл басынан бері — 6,8%). Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы өткен жылдың 1 мамырынан бастап 29,3%, ағымдағы жылдың басынан бастап 9,5% ұлғайып, 487,84 млрд теңгеге жетті. Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақтар жылына 2 еседен астам ең жоғарғы өсімді көрсетіп,  4,12 млрд теңгені құрады.

БЖЗҚ салымшыларының жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс жыл басынан бері шамамен 469,04 млрд теңге. Жалпы 2014 жылдан бастап Ұлттық банк қамтамасыз еткен таза инвестициялық табыс (барлық зейнетақы активтерін БЖЗҚ-ға біріктіру үрдісінің аяқталуы) 7,4 трлн теңгеге жетті.

 

01.05.2023ж. жүзеге асырылған төлемдерді ескере отырып, зейнетақы жинақтарының құрылымында жинақталған таза кірістің үлесі 36,4% болды.  

 

2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны – 12,16 млн бірлік. Оның ішінде МЗЖ бойынша – шамамен 11 млн, МКЗЖ бойынша – 610,5 мың, ЕЗЖ бойынша – 370,6 мың бірлік.

Жыл басынан бері БЖЗҚ шамамен 134,7 млрд теңге төледі. 01.05.23 ж. жасына байланысты төлемдер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31%  ұлғайып, 48,6 млрд теңгені құрады (төлемдердің жалпы көлеміндегі үлесі – 36,08%). Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері – 48,7 млрд теңге (төлемдердің жалпы көлеміндегі үлесі – 36%), бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17 есе аз. Сондай-ақ, жыл басынан бері мұрагерлік бойынша төлемдер – 16,74 млрд теңге, ҚР шегінен тыс тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер – 11,93 млрд теңге, мүгедектік бойынша төлемдер – 903,5 млн теңге, жерлеуге төлемдер – 1,8 млрд теңге. Сақтандыру ұйымдарына шамамен 6 млрд теңге аударылды.

БЖЗҚ-дан кесте бойынша орташа айлық төлемнің мөлшері (зейнет жасына толуына байланысты) – 32 090 теңге, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы – 742 692 теңге. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың осы кезеңінде БЖЗҚ-дан кесте бойынша ай сайынғы төлемнің орташа сомасы 29 360 теңге, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы 707 326 теңге болған еді.

Зейнетақы активтері бойынша, оның ішінде еліміздің өңірлері бөлінісіндегі статистикалық деректер туралы барлық өзекті ақпарат enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» бөлімінде жарияланған.

 

 

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

 

 

 

 

358 қаралым