Жарияланды: 26.05.2023

Қытай делегациясы «TURKISTAN» индустриалды аймағы мен арнайы экономикалық аймақтың жұмысымен танысты

Қытай Халық Республикасы, Юэцин қаласының өкілдерінің Түркістан облысына іссапары аясында «Turkistan» Индустриалды аймағы мен Арнайы экономикалық аймақтың жұмысымен танысты.

Кездесуде Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов кәсіпкерлерге ұсынылатын инфрақұрылымы дайын аймақтар туралы айтып өтіп, бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

– Бүгінде өңірімізде 9 индустриалды аймақ бар. Жақын күнде тәжірибемізде алғаш рет іске асқалы жатқан агроиндустриалды аймақтың да ашылуы жоспарлануда. Одан бөлек, Түркістан қаласындағы индустриалды аймақта Brownfield (Браунфилд) – дайын өндіріс ғимараттары салынған. Түркістан қаласында ғана емес, жалпы облыс аумағында да өңірдің инвестициялық климатын жақсарту және жергілікті инвесторларға қолдау көрсету мақсатында өңірімізде өндірістік ғимараттар салу бойынша жұмыстар атқарылуда, – деді басқарма басшысы.

Мұнда кәсіпкерлер үшін инфрақұрылым жұмыстары индустриалды аймаққа дейін тартылады. Яғни, ауыз су, газ, электр және жарықтандыру желісі, жол, жер жұмыстары мен қоршау жүргізіледі.

Жалпы индустриалды аймақтың аумағы 538 гектарды құрайды. Түркістан облысының индустриалды аймақтарында 63 жоба орналасқан. Жалпы құны – 44,4 млрд. теңге. 3092 жұмыс орны бар. Олардың қатарында «Grand Miks», «Асыл Бастау.KZ», «Көрік ШҚ», «CG Food Central Asia», «Kaztor LTD» сынды бірқатар кәсіпорындар бар. Аймақта құрылыс жабдықтарын өндіруге басымдық берілген. Атап айтсақ, бетон, темір бетон, кірпіш, торлар, трансформаторлық жабдыққа арналған жинақтауыштар мен ас тұзы, дайын тағам өндірісі, ауыз су және шырын, жиһаз және жиһаз жабдықтары, тігін, мақта талшықтарын қайта өңдеу және т.б. кәсіптер кеңінен дамыған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

177 қаралым