Жарияланды: 01.06.2023

Кипр бизнес қауымдастығы Қазақстанмен ынтымақтастықты жандандыруға ынталы

Қазақстанның Израильдегі Елшілігі Кипр Сауда-өнеркәсіп палатасымен және «Kazakh Invest» ұлттық компаниясымен бірлесіп, сондай-ақ «Freedom Finance Europe» қолдауымен Кипрдің 100-ден астам бизнес өкілдерінің, сондай-ақ Президент Әкімшілігі мен министрліктері өкілдерінің қатысуымен Қазақстан-Кипр бизнес-форумын ұйымдастырды.

ҚР Елшісі Сатыбалды Бұршақов форум қатысушыларына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әлемдегі ағымдағы геосаяси жағдайында жүргізіліп жатқан Қазақстан сыртқы саясатының негізгі басымдықтары, сондай-ақ еліміздегі саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер туралы айтып берді.

«Kazakh Invest» компанисының Жобалар департаментінің директоры Асхат Бекенов Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыра келе ел экономикасының негізгі салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын егжей-тегжейлі сипаттап берді.

Кипр-Қазақстан бизнес-қауымдастығының төрағасы Костас Маркидес екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамыту жөніндегі қауымдастықтың күш-жігері туралы айтып, ағымдағы жылдың маусым айында Алматыда Кипрдің Энергетика, коммерция және индустрия министрі Й. Папанастасиустің төралығымен Қазақстан және Кипр іскер топтарының кездесуі өтетінін хабарлады.

Кипрдегі ҚР Құрметті консулы Георгиос Лакотрипес Қазақстан билігінің саяси және экономикалық жүйесін трансформациялаудағы және мемлекеттің одан әрі өркендеуі жолындағы жүйелі тәсіліне ерекше назар аударды.

Анықтама: соңғы 10 жылда Қазақстан экономикасына Кипрден келген тікелей инвестициялар ағыны 4,4 млрд АҚШ долларынан асып, оның ішінде 2021 және 2022 жылдары тиісінше 445 млн және 450 млн АҚШ доллары көлемінде болды. Қазақстанда Кипрдің қатысуымен 292 компания тіркелген.

225 қаралым