Жарияланды: 08.06.2023

Қазақстан СІМ басшысы ЮНЕСКО Бас директорымен кездесті

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу ЮНЕСКО Бас директоры Одрэ Азуленің Қазақстанға бірінші сапары аясында кездесу өткізді.

М. Нұртілеу Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы барлық деңгейдегі көпжақты ынтымақтастығы ЮНЕСКО жарғысының білім, ғылым және мәдениет саласындағы мақсаттарын жүзеге асыруға ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар ол ЮНЕСКО басшылығына қазақстандық бастамалары мен номинацияларына көрсеткен үздіксіз қолдау үшін өз ризашылығын білдірді.

Қазақстан СІМ басшысы еліміздің Ұйыммен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға берік бейілділігін және бүкіл әлемде білімге, ғылымға, технологияларға және ақпаратқа қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған ЮНЕСКО-ның стратегиялық мақсаттарына қолдау көрсетуді жалғастыратынына сендірді.

Өз кезегінде О. Азуле білім беру сапасын арттыруды, биоалуантүрлілікті қорғауды, мәдени әралуандылықты дамытуды және бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына жәрдемдесуді қоса алғанда, инклюзивтік және орнықты даму саласында қолғабыс көрсету мақсатында Қазақстанмен ынтымақтастыққа бейілділігін растады. Ол ЮНЕСКО мандаты шеңберінде елімізде ауқымды реформаларды жүзеге асыруға жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін білдірді.

Сонымен қатар ЮНЕСКО басшысы өңірлік форматты қоса алғанда білім, ғылым және мәдениет саласындағы жаңа жобаларды іске асыруға қызығушылық білдірді. Осы тұрғыда ол ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы Кластерлік бюросы Ұйымның Өңірлік көпсалалы кеңсеге өзгерілетіні туралы хабардар етті.

О. Азуленің елімізге сапары ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра тізіміндегі алғашқы қазақстандық нысаны болып табылатын Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барудан бастады.

Анықтама: Қазақстан 1992 жылғы 22 мамырда ЮНЕСКО-ға мүше болып қабылданды. Еліміз ЮНЕСКО-ның 16 халықаралық конвенциясының тарапы болып табылады. Ұйымның Дүниежүзілік мұра тізіміне Қазақстаннан 5 объект, материалдық емес мәдени мұра тізіміне – 13, биосфералық резерваттар желісіне – 15, «Әлем жады» деректі мұра тізіліміне – 3, атаулы күндер күнтізбесіне – 25 номинация кірді. Елімізде ЮНЕСКО-ның 5 кафедрасы, 31 қауымдастырылған мектебі мен 190 клубы жұмыс істейді.

294 қаралым