Жарияланды: 27.06.2023

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі

Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бүгін Астанада өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуы бойынша өтіп жатқан баспасөз мәслихатында мәлім етті. Облыс әкімі журналистердің сұрағына сәйкес Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қазіргі таңдағы жай-күйін баяндады.
«Кесененің жүй-күйін сақтау бойынша 2023 жылдың 28 сәуірінде Түркістан қаласында ҚР Мемлекеттік кеңесшісі, ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы Ерлан Қариннің төрағалығымен кеңес өткен болатын. Аталған кеңесте, ғалымдардың зерттеу жұмыстарына сәйкес, кесененің қазіргі жағдайы бойынша мәселелер 2004 жылдан бастау алғанын алға тартып отыр. Кесененің техникалық жағдайын зерттеу мемлекет деңгейінде көтеріліп отырған мәселе. Өткен жылы әр саланың білікті мамандарынан құралған жұмыс тобы зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын. Сала мамандары кесененің жай-күйіне кері әсер ететін күрделі айтарлықтай сыртқы факторлардың жоқ екендігі туралы хабардар етті. Дегенмен ескерткіштің тікелей өзіне қатысты бірнеше проблемалары бар, олар арнайы мамандарға жоғарыда атап өткенімдей бұрыннан белгілі. Проблемалардың күрделілігіне байланысты, себеп-салдарын айқындап және оның шешу жолдарын анықтау үшін, кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет деген тұжырымға келген. Осы мақсатта зерттеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 2023 жылға қаржы бөлінді», деді Д.Сатыбалды.
Халықаралық маңызы бар Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің теңгерімінде. Кесенеге қатысты барлық мәселелер уәкілетті орган тарапынан шешіледі. Министрліктің мәліметі бойынша, 2023 жылғы шілде айында, кесененің күмбезіне ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, реставрация жасалу жоспарланып отыр. Бірінші кезекте егжей-тегжейлі инструменталдық тексеру жүргізіледі. Сонымен қатар, ескерткіштің жай-күйін үнемі бақылауда ұстау үшін мониторингтік жүйе орталығын ашу жоспарланған.
Облыс әкімінің айтуынша, ескерткіштің сейсмикалық белсенділігін анықтау үшін, әртүрлі мақсаттағы құрылымдарды апаттық жағынан қорғау, диагностика және жүйелерінде қолданылатын арнайы сейсмологиялық датчиктерді орнату жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, кесененің барлық бөлмесінде температуралық-ылғалдылық режимінің бұзылу себептерін анықтау бойынша жұмыс өте ауқымды болуына байланысты, қажетті датчик құралдарын әр түрлі деңгейде орнатып, кем дегенде жылдың 4 мезгілін қамтамасыз ету керек. Төрт маусымның тексеру, зерттеу нәтижесінен кейін ғана қандайда бір шешім қабылданады. Аталған ұсыныстарды жүзеге асыру үшін қажетті құрал-жабдықтар, заманауи технологиялық тәсілдер пайдаланылмақ.
348 қаралым