Жарияланды: 10.06.2023

Канадалық талдау орталықтары Қазақстанның зерттеу институттарымен ынтымақтастықты жолға қоюға мүдделі

Қазақстанның Канададағы Елшілігінің бастамасымен беделді канадалық сарапшылар тобы еліміздің жетекші зерттеу институттарының басшылығымен кездесулер өткізу және Астана халықаралық форумына қатысу үшін Қазақстанға сапармен барды.

Делегация құрамына Канаданың Азия-Тынық мұхиты қорының құрметті ғылыми қызметкері және Макгилл университетінің профессоры Барт Эдес және Макдональд-Лаурье институтының Сыртқы саясат, ұлттық қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік бағдарламасының директоры және аға ғылыми қызметкері Джонатан Миллер сияқты жетекші канадалық аналитикалық институттардың өкілдері кірді.

Сапар аясында канадалық сарапшылар ҚР Сыртқы істер министрлігінің жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институты, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты сияқты жетекші қазақстандық талдау институттарының басшылығымен және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ өкілдерімен кездесулер өткізді. Өткізілген кездесулер барысында тараптар жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты, сондай-ақ ынтымақтастықты орнату перспективаларын қарастырды. Олар сондай-ақ өзара іс-қимылды жолға қою, соның ішінде алмасу бағдарламалары, бірлескен зерттеулер мен іс-шаралар өткізу, тағылымдамалар мен сарапшылардың өзара сапарларын ұйымдастыру мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар канадалық өкілдер жаһандық деңгейде көпжақты қатынастар мәдениетін қалпына келтіру жөніндегі жаңа халықаралық конференция – Астана халықаралық форумына қатысты. Сарапшылар Қазақстанның бірқатар орталық мемлекеттік органдар басшылығымен кездесулер өткізіп, «Astana Finance Days 2023» жыл сайынғы халықаралық қаржы конференциясына да қатысты. Канадалық сарапшылар Қазақстанның қазіргі заманның өзекті және жаһандық сын-қатерлерін шешу үшін елдердің ұстанымдарын жақындастырудағы рөлін жоғары бағалады.

178 қаралым