Жарияланды: 13.06.2023

Астана халықаралық форумының қорытындылары Мадридте талқыланды

Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев испандық БАҚ өкілдерімен баспасөз брифингін өткізіп, оның барысында Астана халықаралық форумының негізгі хабарламалары мен нәтижелері айтылды.

Іс-шараға «ABC», «El Mundo Financiero», «Merca2», «Monlcoa», «Periodista Digital», «The Diplomat in Spain» газеттерінің, «EFE» ақпарат агенттігінің жетекшілері мен өкілдері қатысты.

Баспасөз брифингі басталмас бұрын қатысушылар Абай облысындағы орман өртінен қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Елші өткен форумның мақсаттары, шараның жоғары қатысушылары туралы айтып берді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АХФ пленарлық отырысында сөйлеген сөзінің негізгі тезистерімен таныстырды.

Қазақстандық дипломат БАҚ назарына форум көпжақты дипломатияны, халықаралық ынтымақтастық пен диалогты дамытудың негізгі алаңдарының біріне айналуға ниетті екенін тағы да жеткізді.

Қатысушылар Қазақстанның көпвекторлы саясаты Астанада өткен шарада айқын көрініс тапқанын, әлемдік көшбасшылар үшін жаһандық экономиканың қазіргі жағдайы мен өңірлік ынтымақтастық мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасу алаңы болғанын атап өтті.

Сөз АХФ-ны Астанадан жарықтандырған «Merca2» тобының журналисі Альваро Мединаға берілді. Маман Форум жұмысына объективті баға беріп, іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және спикерлер мен медиа серіктестердің сапалы іріктелуін атап өтті.

Шара соңында Елші журналистердің Қазақстанның сыртқы саясатына және халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті тақырыптар бойынша еліміздің ұстанымына қатысты сұрақтарына жауап берді.

162 қаралым