Жарияланды: 19.06.2023

Қазақстан ДСҰ-ның транзит жөніндегі арнайы сессиясына модераторлық етті

Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Жанар Айтжан «Сауда және транзиттік операциялардағы проблемаларды еңсеру» тақырыбында ДСҰ-ның теңізге шыға алмайтын дамушы елдер үшін транзит жөніндегі арнайы сессиясының модераторы ретінде сөз сөйледі.

Аталған семинардың мақсаты – теңізге шыға алмайтын дамушы елдер (ТШАДЕ) бетпе-бет келетін шектеулер мен сын-тегеуріндерді қоса алғанда, озық тәжірибені тереңдетіп зерделеу, сондай-ақ транзиттік операцияларды іске асыру кезінде ең үздік тәжірибелер мен ұсыныстарды анықтау үшін ДСҰ-ға мүше елдердің тәжірибесімен алмасу.

Іс-шараға Парагвай Елшісі Рауль Кано Риккарди, ДСҰ Сауда рәсімдерін жеңілдету комитетінің төрағасы Карлос Гевара, Дүниежүзілік банктің, БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД), БҰҰ Бас хатшысының ең аз дамыған елдер, теңізге шыға алмайтын дамушы елдер және шағын аралдық дамушы елдер жөніндегі Жоғары өкілі кеңсесінің, Дүниежүзілік кеден ұйымының сарапшылары, сондай-ақ Моңғолия, Пәкістан, Зимбабве, Габона және Эсватини елдерінің мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.

ҚР Тұрақты өкілі Ж. Айтжан өз сөзінде жағалау сызықтары мен негізгі халықаралық сауда жолдарынан алыс орналасқан ТШАДЕ елдері теңіз порттарына шектеулі қолжетімділіктің, үлкен көліктік қашықтықтардың және транзиттік шығындардың негізгі ауыртпалығын көтеретінін атап өтті. Сәйкесінше, оның айтуынша, бұл кедергілер экономикалық өсуге, орнықты дамуға және кедейлікті қысқарту жөніндегі күш-жігерге кедергі келтіре отырып, ТШАДЕ-ның әлемдік саудаға толық интеграциялану қабілетін шектейді.

Сонымен қатар Ж. Айтжан ДСҰ-ның Сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі келісімін (СУПТ) іске асыру шекара арқылы тауарлар ағынын жеңілдету үшін шешуші мәнге ие екенін атап өтті. Ұсынымдар ретінде көлік байланыстарын жақсартудың, цифрлық технологияларды қолданудың, кедендік деректерді, оның ішінде «ASYCUDA» ЮНКТАД электрондық платформасын цифрлық өңдеу есебінен сауда шығындарын төмендетудің маңыздылығы атап өтілді.

ЮНКТАД сарапшысының ақпаратына сәйкес ДСҰ-ға мүше елдер арасында транзит бойынша жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша ДСҰ-ның сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі келісімін іске асыру кезінде трансшекаралық ынтымақтастық, көршілес елдермен рәсімдердегі әртүрлі формальдылықтар, өткізу қабілеті (персоналдың көп қозғалуына байланысты), транзит жөніндегі ұлттық үйлестірушінің болмауы және т.б. сияқты негізгі проблемалар айқындалады.

Шығыс және Оңтүстік Африканың Ортақ нарығының сарапшысы (КОМЕСА) өз презентациясында КОМЕСА шекарадан өту пункттеріндегі кідірісті, көлік құралының ұзақ транзиттік уақытын шешу, сондай-ақ кедендік тазарту процесін жеңілдету және кепілдік құнын төмендету үшін Кедендік транзит кепілдіктерінің өңірлік жүйесін енгізгенін атап өтті. Бұл ретте бұл жүйе Бурунди, Кения, Руанда, Танзания, Уганда, сондай-ақ Африка экспорттық-импорттық банкінде толық жұмыс істейді, ал Конго, Малави, Зимбабве және Замбия осы кеден жүйесіне қосылу процесінде.

Моңғолия Сыртқы істер министрлігі Сыртқы сауда және экономикалық ынтымақтастық департаментінің өкілі Ариуна Адияның айтуынша, оның елі үшін СУПТ-ты іске асырудағы басым бағыттар экспорттық-импорттық және транзиттік операциялар үшін бірыңғай терезе енгізу, көлік инфрақұрылымын жаңғырту және көлік қызметтері нарығында бәсекелестікті күшейту, құрғақ немесе мультимодальды порттар құру, кедендік ресімдеу саласында қағазсыз сауда шешімдерін енгізу және жөнелтілімдерді үздіксіз өңдеу мен бақылауды қамтамасыз ету үшін жеткізу қызметтерін цифрландыру болып табылады.  

Қорытындылай келе, ҚР Тұрақты өкілі Ж. Айтжан ТШАДЕ өкілдерін транзиттік уақыт пен шығындарды қысқарту, сауда рәсімдерін оңайлату, транспаренттілікті арттыру және трансшекаралық саудадағы сенімділікті қамтамасыз ету үшін халықаралық ұйымдар, атап айтқанда, ЮНКТАД әзірлеген құралдарды енгізуді жеделдетуге шақырды.

210 қаралым