Жарияланды: 16.11.2023

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 20 МИЛЛИОНЫНШЫ ТҰРҒЫНҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

2023 жылдың 14 қарашасында Қазақстанда халық саны 20 милллионға жетіп, тарихи оқиға тіркелді. 20 миллионыншы тұрғынның бірі Түркістан облысы, Жетісай ауданында дүниеге келді. Сәбидің аты-жөні – Асқар Әлімхан Ерғалиұлы. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісай ауданы, «Асықата» ауруханасына арнайы барып, 20 миллионыншы сәбидің ата-анасын құттықтады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді.

– Бүгін біз еліміз үшін тарихи әрі қуанышты сәтте жолығып тұрмыз! Елімізде халық саны 20 миллионға жетті. 20 миллионыншы тұрғындардың бірі – Түркістан облысы, Жетісай ауданында дүниеге келді. Кішкентай батырымыз 14 қарашада, таңғы сағат 08:10-да «Асықата» ауруханасында дүние есігін ашты. Қатарымызды Асқар Әлімхан Ерғалиұлы деген батырымыз толықтырып отыр. Ата-анасын, барша облыс тұрғындарын шын жүректен құттықтаймын. Баланың бауы берік болсын! Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы елді құттықтап, сәлемдемесін жолдады. Бүгін Президентіміздің құттықтауын салтанатты түрде жеткізу үшін келіп тұрмыз. Ұлы дала іргесі ұрпағымен берік. Қасиетті Түркістан өңірінде Қазақ елінің 20 миллионыншы тұрғыны туғанына өте қуаныштымыз. Біз батыр аналарымызбен мақтанамыз. Жыл сайын республикамызда дүниеге келетін 400 мыңнан астам баланың әрбір жетіншісі Түркістан облысында дүниеге келеді. Бүгінде облыс халқының саны 2 миллионнан асты. Түркістан өңірі елімізде адам капиталын көбейтуге айрықша үлес қосып жатыр. Бұл – еліміз үшін, біз үшін мақтаныш. Сіздер бүгін тарихқа еніп отырсыздар. Гүлмира Бейсенбайқызы қарындасымызды, Ерғали Асқарұлы бауырымызды шын жүректен құттықтаймын. Әлімхан батырымыздың денсаулығы мықты, өмір жасы ұзақ болсын. Барша тұрғынға осындай қуаныш жұғысты болғай! Қазағымыз көбейіп, Қазақстанымыз, Түркістанымыз мәңгі жасай берсін! – деген Дархан Сатыбалды 20 миллионыншы тұрғынның ата-анасына Президент атынан бағалы сыйлық ұсынып, «Отбасы банк» атынан тағайындалған 2 млн. теңгенің сертификатын тапсырды.

20 миллионыншы баланы дүниеге әкелген ананың аты-жөні – Ізтілеуова Гүлмира Бейсенбайқызы. Төрт баланың анасы 1988 жылы өмірге келген. Жетісай ауданы, Асықата кентінің тұрғыны «Жеңіс» мектебінде биология пәнінің мұғалімі. Әкесі – Шакенов Ерғали Асқарұлы. Жалдамалы жұмысшы. Нәрестенің салмағы – 3400 грамм, бойы – 51 см.

Айта кетейік, Түркістан облысы – еліміздегі ең демографиясы жоғары аймақ. Облыста 2022 жылы 57 429 бала дүниеге келген. Биыл жыл басынан бері облысымызда 45 594 сәби дүние есігін ашты. Былтыр өңірде 15 үшем, 594 егіз туса, биыл 5 үшем, 500 егіз Қазақстанның жаңа азаматтарының санатына қосылды. Қазіргі таңда, облыста 177 мыңнан аса көпбалалы ана бар. Оның ішінде 15 мыңнан аса «Алтын алқа» иегері, 43 мыңнан аса «Күміс алқа» иегері саналы ұрпақ өсіріп жатыр. 2023 жылғы 10 ай қорытындысы бойынша өңірде 8475 жұп некеге тұрды. Жаңа, жас отбасылар саны артуда.

2023 жылғы 14 қарашада облыста 139 бала туды. Барлығына да сапалы медициналық көмек көрсетілді. Облыс аумағында ана мен бала денсаулығын жақсарту бағытында ауқымды жұмыс жүруде. Өңірде 22 перзентхана бар. Медициналық мекемелердің жағдайын жақсарту бойынша жұмыс жалғасады.

718 қаралым